Русский Сайттың толық нұсқасы

Табысы жақсы, қалада тұратын адамдар жаман әдеттерге бейім келеді

Көпшілік темір тұлпарды жалға алып, жан бақса, енді бірі сол көлікті кредитке алып, нәпәқасын тауып жүр. Биылғы жылдың екінші тоқсанында 1 миллионға жуық адам несібесін несиеге байлап, машиналы болуға өтінім берген. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында. 

Елімізде ипотекаға сұраныс азайып жатыр. Екінші тоқсанда несие алуға өтініштер 210 мыңға дейін төмендеген. Мамандар оны қарыз беру шарттарының күшейтілуіне байланысты дейді. Бірақ, тұтынушылық несиеге сұраныс артып келеді. Кепілмен қамтамасыз етілген берешектерге 46 мың, ал кепілсіз несиеге 22 млн-ға жуық өтінім түскен. Әсіресе автонесие алатындар көрсеткіші жоғары. 1 миллионға жуық адам қарыз алуға ниет білдірген. Көпшілік Қытайдың темір тұлпарына қызығушылық танытқан. Бұл отандық өндірістің кенжелеуіне әсер етуде. Айта кетейік, биылғы жарты жылдықта 63 мың жеңіл көлік құрастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға аз.

Қазір баспанасын жалға берушілердің дәуірі жүріп тұрған кезең. Жатақханадан орын ала алмағандар пәтер жағалауға мәжбүр. Мамандар оқу жылы басталуына байланысты ірі мегополистерде жалға алу құны шамамен 10 пайызға қымбаттағанын айтады. Десе де, сұраныс өте жоғары. Мобильді қосымшада Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтерді жалға алу бойынша 8600 ұсыныс бар. Жалға алудың орташа құны 230 мың теңге. Екі бөлмелі пәтердің 4700 нұсқасы бар. Бағасы 250 мың теңгеден басталды. Ал Елордада 10 мыңға жуық бір бөлмелі пәтер жалға беріледі. Оның орташа құны 160 мың теңгенің шамасы. Ал екі бөлмелі баспана 230 мың теңгенің айналасында саудалануда.

Табысы жақсы, қалада тұратын адамдар жаман әдеттерге бейім келеді екен. Қоғамдық саясат институты сауалнама жүргізген. Оған 18 жастан асқан 2000 адам қатысты. Жауап бергендердің 52 пайызы әдеттерінен арылғысы келетіндерін айтқан. Ер адамдардың 37 пайызы темекіні, 22 пайызы энергетикалық сусындардан бас тартқысы келеді. Ал нәзік жандылардың 27 пайызы фаст-фудтан, 27 проценті интернетті пайдалану уақытын қысқартуға ниетті. Олар күніне шамамен 3 сағатын желіде өткізеді екен. Сондай-ақ, некедегі адамдардың ажырасқандармен салыстырғанда жаман әдеттері аз болатын көрінеді.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында көк қағаз 484 теңгеден саудалануда. Ал Еуро 539 теңге. Көрші ел валютасы 5 теңге 23 тиын болды.