Русский Сайттың толық нұсқасы

Олжас Бектенов АЭС-тің жаңартылатын энергия көздерінен артықшылығын атады

  • AstanaTV
  • 27 тамыз 2024
  • 220

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында атом энергетикасының су, жел, күн энергетикасынан артықшылығы қандай екені туралы пайымын айтты, - деп жазды KAZINFORM. 

«Біз қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырмыз. Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Көптеген ел атом энергиясына иек артады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүруде», - деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларына инвестиция салудан бас тартып жатыр.

«Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретін болады. Ал, жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Бізде гидроэлектр станцияларының әлеуеті шектеулі, өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Газдандыру мәселесіне келсек, қолданыстағы Жылу орталықтарының кейбіреуін газға ауыстырып, жаңадан бу-газ қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда, экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады. Сондықтан атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт», - деді Олжас Бектенов.