Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда кәріз коллекторы тағы жарылды

Қызылжарда кәріз коллекторы тағы жарылды. Жарты ғасыр бұрын тартылған кәріз құбыры осымен төртінші рет бітеліп, қалдық су сыртқа шыққан. Салдарынан көшені кәріз суы басып, үйлердің ауласына кірді. Өңірден-Абзал Құрманкин. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда кәріз жүйесінің проблемасы сәуір айында басталды. Өткен ғасырдың 60-жылдары қаланың қақ ортасында салынған коллектор әбден тозып, жан-жағынан тесіле бастаған. Жергілікті билік мәселені дереу шешу үшін төтенше жағдай жариялап, бюджеттен 700 миллион теңге бөлген. Арада жарты жыл өтсе жағдай әлі сол күйі. Кәріз суы тағы көше бойымен ағып, бірқатар көпқабатты үйдің жертөлесіне кірді.

Валентина МЕЛЬНИКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір жертөледегі судың деңгейі 85 см-ге жетті. Өткен жолы 1,5 метр болған. Сол кезде біз 4 күн бойы жарықсыз отырдық. Қазір де су тағы көтерілсе, электрсымдары тұйықталмау үшін жарықты сөндіреді.

Бахыт ЕСІМҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір айдың ішінде міне екінші рет потоп болып жатыр. 25 шілдеде болған. Енді міне тағыда. Жүре алмайсың, ананың ішінен сасық иіс шығады, подъезден. Мана суға шықтым. Аузымды жауып шығып, жауып кірдім. Үйге кіргеннен кейін демала алмадым. Асматик ауыратындар көп, мұнда пенсионерлер көп.

Құзырлылардың ақпаратынша, Абай көшесіндегі кәріз коллекторының жалпы ұзынды 2300 метр. Бүгінде оның 1800 метрі ауыстырылған. Жауаптылар жұмыс толық біткенше жұртты шыдамдылық танытуға шақырады.

Александр ФОМИЧЕНКО, "ҚЫЗЫЛЖАР СУ" ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Жаңа құбыр тартылмайынша, ескі коллектордың жұмысын тоқтатуға болмайды. Біз түнде ақауды анықтап, ол жерді қазып тастадық. Құбырдың ішінен орамал мен дымқыл майлықтарды алып шықтық. Қазір екі сорғының көмегімен кәріз суын басқа құбырға жіберіп жатырмыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Облыс орталығындағы негізгі коллекторлардың бірі осымен төртінші рет істен шықты. Құзырлы тарап жаңғырту жұмыстарының қашан аяқталатынын дөп басып айта алмай отыр. Демек, мәселе әлі де ушығуы әбден мүмкін.