Русский Сайттың толық нұсқасы

Сақтандыру компаниясынан өтемақыны қалай алуға болады?

Жылына бір компанияның өзінде 600 мыңнан аса жүргізуші сақтандыру құжатын жасайтын көрінеді. Жол-көлік оқиғаларынан ғана емес, табиғи апат салдарынан мүлкіне залал келгендер де бар. Дегенмен, өтемақыны алу үшін келісімшарттың өзі кепілдік бермейді. Кейбір сақтандыру компаниялары шығынды толық төлемейді екен. Неге? Оны әріптесім Айдана Шалқар айтады.

Сақтандыру компаниясына жүгінген алматылықтардың бірі – Анара. Көлігі автотұрақта тұрғанда кенеттен бір жүргізуші оның көлігіне соғып, залал келтірген.

АНАРА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Келеңсіз жайттан соң бірден сақтандыру компаниясына хабарластым. Комиссар келіп, көлігімнің зақым келген бөліктерін қарап, шығын көлемін анықтау үшін машинамды сатып алған дилерлік орталыққа хабарласты. Электронды пошталарына құжаттарды жіберген соң, компания өтемақыны көрсетті. Мен берілген бағаға келістім. 10 күннің ішінде 350 мың теңге шотыма түсті.

Әрине, Анардың асығы алшысынан түсіп, сақтандыру құнын ешқандай кедергісіз алған. Дегенмен, жол-көлік апатының салдарынан темір тұлпары зақымдалып, өтемақысына қолы жетпей жүргендер де жетеді. Мәселен, заңгер Ғабит Өмірбековке арнайы келісімшарты бар бола тұра көрсетілген шығынды толығымен ала алмай сенделген жандар жиі хабарласады. Оның айтуынша, кейбір сақтандыру компаниялары құжатта көрсетілген сомманы толықтай өтеуден жалтарады екен.

ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Жол-көлік апатына түстің бе, көлікті алып тастағаннан кейін өзіңіз арнайы маманды шақыруыңыз керек. Ол арнайы маман келіп дефектовочный акт толтырады. Дефекталық акт толтырған кезде көлігіңізге келтірілген барлық залалды жазып толтырып береді. Әр деталіңіз жазып береді, бампер, фар, шрупына шейін жазып береді сынған поврежденияларын. Қолын, мөрін қойып береді. Ақшасын төлейсіз квитанциясын, сосын сақтандыру компаниясына барып сол дефектовочный актты ұсынып, арыз жазасыз.

Машиналарға жол-көлік оқиғаларында ғана емес, табиғи апаттар салдарынан да залал келетінін естен шығармау керек. Мәселен, су тасқыны, жер сілкінісі, ауа райының күрт бұзылып, дауыл тұруы да мүлкіңізге әжептеуір зақым келтіреді. «Бұндай жазатайым жағдайларда сақтандыру компаниясы коэффициенттерді есептеп, шығынды төлейді», - дейді мамандар. Өтемақы соммасын тиынына дейін санап беретін департамент те бар. Комиссарлар келісімшартқа сәйкес сараптама жасайды.

ДӘУРЕН ЖАМПЕЙІСОВ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Егер де сол 1 жылдың ішінде қандай да бір апаттық жағдайлар болып қалса, мысалы ол табиғи болсын, жер сілкіну, ағаш құлау, мысалы су тасқыны болса да, соған кез келген жеке тұлғалар, басқа да тұлғалар осы ҚР нарықтық экономикада қатысушылар өзінің мүліктерін, көліктерін сақтандырып, егер де осындай жағдай болып қалса, соған компания өзінің келісімшарт бойынша төлеп береді. Коэффициенттерге байланысты.

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Автокөлікті сақтандыру үшін КАСКО полисін міндетті түрде алу қажет. Сонда «Жазатайым жайт болса, өтемақыны кім береді?» - деп бас қатырмайсыз. Бірақ ең дұрысы, сақтандыру компаниясына сеніп қалмай, барынша сақ жүрген абзал.