Екі күнге созылған KazAtomExpo халықаралық ядролық технологиялар көрмесі өз мәресіне жетті. Отандық сарапшылармен қатар әлемдік атом нарығының көшбасшылары жоғары қуатты атом электр станциясы бойынша ұсыныстармен бөлісті. Бұдан өзге ядролық энергетика саласында білікті кадр даярлап шығару мәселесі тілге тиек етілді.
Дауылға, су тасқынына және жер сілкінісіне төзімділік – мұның бәрі жаңа буын ІІІ+ станциясын салу кезінде ескеріледі. Қазір Қазақстанда атом электр станциясын салуға 4 мемлекеттің компаниялары ниетті. Ол Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей.
ВАДИМ ТИТОВ, «РУСАТОМ, МЕЖДУНАРОДНАЯ СЕТЬ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстан – атом технологиялары саласында дамыған мемлекет. Атом энергетикасының түрлі облыстарында озық тәжірибеге ие. Сондықтан референдумның нәтижесінде Атом электр станциясы салынатын болса, бұл Қазақстан үшін өте қажетті, ұтымды шешім болмақ. Атом электр станциясы жел, күн энергияларына қарағанда үздіксіз жұмыс істейтін энергияның тұрақты, сенімді көзі болып табылады.
Франциялық компания да зор халықаралық беделге ие. Қазір елде энергияның 75 пайызы ядролық энергетикадан алынады.
ПЬЕР-ПОЛ ОТЕНИССАНС, «EDF» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АЗИЯДАҒЫ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖЕТЕКШІСІ:
Біздің компания -электр энергиясымен қамтамасыз ету саласында Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі. Біз үшін қауіпсіздік басты назарда. Ядролық энергетика қалдықтарды шығармайтынын түсінген жөн. Еуропалық одақ оны жасыл энергетика көздерінің қатарына қосты. Біз болашақта Қазақстанмен бұл салада жан - жақты ынтымақтастық құруға ниеттіміз.
Атом электр станциясын Алматы облысындағы Үлкен ауылында орналастыру туралы шешім қабылданғаны да тегіннен емес. Балқаш көлінің ауданы атом электр станцияларын салу үшін ең қолайлы жер деп саналып отыр.
АСУАН СИЯБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ» ЖШС ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:
Солтүстікте энергия жабдықтаушы, энергия шығарушы мекемелер өте көп. Біз қазір Алматы жаққа қарай, солтүстіктен оңтүстікке қарай 500 киловольттық электр желілері арқылы тасымалдаймыз электр тоғын. Қазірдің өзінде оңтүстік аймақта адам көп қой. Оңтүстіктегі болашақта болатын жетіспеушілікті сол жер арқылы жабуға болады.
Атом электр станциясының құрылысы – ұзақмерзімді жоба. Қазір ел алдында атом саласындағы білікті кадр даярлап шығару міндеті тұр. Ол үшін Қазақстанда алдағы уақытта 5 мың маман әзірлеу көзделген. Ал атом электр станциясына 1400 қызметкер қажет.