Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа оқу жылын бірқатар сыныптар жаңа мазмұндағы оқулықпен бастайды

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2017
  • 2583

Биылғы жаңа оқу жылын 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптың оқушылары жаңа мазмұнды оқулықпен бастайды. Бұл туралы білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Сұханбердиева мәлімдеді. Пәндік комиссияның жұмысын қорытындылауға арналған брифингте вице-министр өзге де бірқатар күрмеулі мәселелерге тоқталды. Айтуынша, 4 жылда бір жаңаратын кітаптардың бағдарламасын өзгертетін уақыт келген көрінеді. Толығырақ, Айбек Қосан баяндайды.

Құрамында білікті мамандар бар комиссия ұзын саны 197 оқулықты қарастырып, 131-ін жаңа маусымда балалардың қолына ұстатуды жөн деп санаған. Қыркүйек айынан бері оқулық орталығының сайтында аталған оқу әдебиеттері ілініп тұрыпты. 4000 мыңға жуық ұсыныстар келіп түсіп, қаралып, түзетулер енген. Вице-министрдің айтуынша, оқушылардың болашағына бей-жай қарамайтын азаматтардың, оқулықтар баспаға кетпес бұрын әлі де бір қарап шығуына уақыты бар.

Эльмира Сұханбердиева, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Білім және ғылым министрліктің тарихында бірінші рет мына комиссияның құрамы 40 адамға дейін кеңейтілді. Осыдан бұрын тек қана 13 адам жабық түрде өз қорытындыларын жариялайтын. Келесі аптадан сайттан көруге болады. Оның ішінде бізде 1 ай ол сайтта ілулі тұрады. Соның бәрін сіздер оқулықтың сайтынан қарап, қандай тағы да, мүмкін, біздің бүкіл қауым соны қарап, өзінің пікірлерін жіберуге болады.

Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін кітаптарды жаңа мазмұнға көшіру жоспарланған. Ал вице-министр атап өткен кітаптар мамыр айында баспаға жіберіледі. Республикалық ғылыми-практикалық оқулық орталығының директоры келтірген дерек тіпті таңқаларлық. Бейбітгүл Каримованың айтуынша, өткен жылы мектептер 100 пайыз оқылықпен қамтылған. Нақтылай келгенде, мұның жергілікті уәкілетті органдардың мөр басып, иландырған ақпаратты екенін білдік. Ең қызығы, министрлік қорытынды есептерді алғанымен, оның дұрыс-бұрыстығын тексеріп көрмепті.

Бейбітгүл Каримова, Республикалық ғылыми-практикалық оқулық орталығының директоры:

Жергілікті уәкілетті органдардың мәліметіне, мен кепілдік бере алмаймын. Бірақ нақты сол қол қойылып, бізге тапсырылған мәлімет бойынша қамтамасыз етілген. Ол мәлімет биыл қадағалауға алынады. Министрлік тарапынан жалпы бұрын жергілікті уәкілетті органның қамтамасыз етуі мәселесі былай былтырғыдай, яғни ондай қадағалауда болмаған еді.

Айбек Қосан, тілші:

Шешім қабылдаған комиссияның құрамына депутаттар да шақырылған. Олардың сапында еліміздің бас ұстазын сынға алған Бекболат Тілеухан да бар. Алдағы оқу маусымында оқушылар бетін ашатын кітаптардың ішінде қателік шықса, не болар екен? Брифингте сұхбат берген өкілдер, олқылық болса, жауапкершілікті министрлік, баспа және автор мойнына алады деп сендірді.

Айбек ҚОСАН