Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетісу облысының ауылдарында Конституция күніне орай 14 жаңа әлеуметтік нысан ашылып, 90-ға жуық отбасы баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2024
  • 206

Жетісу облысының ауылдарында Конституция күні қарсаңында 14 жаңа әлеуметтік нысан ашылып, 90-ға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болды. Іске қосылған әлеуметтік нысандардың ішінде жаңа медпункттер, балабақшалар, мәдениет үйлері, спорт алаңдары және басқалары бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, мереке қарсаңында Ескелді ауданында 6 бірдей нысан пайданалуға берілді. Атап айтқанда, Жаңалық ауылында бір ауысымда 15 адам қабылдайтын жаңа блокты-модульді медициналық пункт, Қарабұлақ ауылында спорт алаңы, Матай Байысов ауылында 50 орынды балабақша, Қаратал ауылында 100 орынды мәдениет үйі мен Қоңыр ауылында блокты-модульді клуб ашылды. Сол сияқты Жалғызағаш ауылында блокты-модульді ауылдық әкімдік ғимараты қолданысқа берілді.

Аталған жаңа нысандардың ашылуына қатысқан жергілікті тұрғындар қуанышын жеткізіп, ой бөлісті:

 - Мен ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында жұмыс істедім. Ауылдағы бұрынғы ескі медициналық пункт 1980 жылдары салынған бейімделген ғимаратта болған, енді ауыл тұрғындары тиісті ем-дом шараларын барлық мүмкіндік жасалған, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа нысанда қабылдайтын болады. Мереке қарсаңында бұл бәріміз үшін ерекше сый болды, - деді 450-ге жуық адам тұратын Жаңалық ауылының тұрғыны Әсият Сердалинова.

Бұл медициналық пункттің құрылысына 30 млн. теңге шамасында қаржы бөлініп, биылғы жылдың маусымында салына бастаған болатын. Мұнда процедуралық кабинет, медицина мамандарының кабинеттері және басқа да қажетті орындар қарастырылған. Медпункт керекті құрал-жабдықтармен - стерилизатор, портативті ЭКГ аппараты, жедел көмек көрсетуге арналған құралдармен толық қамтылған.

Сол сияқты осындай медициналық пункттер Алакөл ауданының Бибақан, Арқарлы ауылдарында, Кербұлақ ауданының Онжас ауылында да ашылды.

Оған қоса Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылында күрделі жөндеуден кейін мәдениет үйі қолданысқа берілсе, үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы 9 отбасы Қарағаш және Жоламан ауылдарында жаңа баспанаға ие болды.

- Бұған дейін мен туған-туыстарымның үйінде тұрып келдім. Денсаулық жағдайыма байланысты жұмыс істеп, баспана сатып алуға мүмкіндігім болмады. Бүгін мемлекет қолдауының арқасында үйлі болып отырмын. Осындай жақсылықты мұқтаж болып жүрген әрбір отбасы көрсе деймін, - дейді Қарағаш ауылының тұрғыны, мүгедектігі бар азамат Ырысжан Жұмадилова.

Осындай қуанышқа Қаратал және Алакөл ауданының тұрғындары да кенеліп, Үшарал қаласында 60 пәтерлі үй қолданысқа берілсе, Үштөбе қаласында 20 отбасы қоныстойын тойлады. Бұдан бөлек, Қаратал ауданының Ескелді ауылында жаңа блокты-модульді ауылдық әкімшілік ғимараты іске қосылды.

Падалануға берілген жаңа нысандардың ішінде балабақша ғимараттары да бар. Атап айтқанда, Көксу ауданының Балпық би ауылында 265 орынды, Панфилов ауданының Көктал ауылында 140 орынды, Кербұлақ ауданының Жоламан ауылында 75 орынды балабақшалар халық игілігіне берілді.

- Біздің ауылымыз үлкен. Өткен жылы бір балабақша ашылған болатын. Менің өзімнің он немерем бар. Олардың бәрі де осы жаңа балабақшаларға барады. Балалардың тәрбиесімен айналысып, жаңа балабақшалар ашатын кәсіпкерлердің қатары көбейгеніне қуаныштымыз, - дейді Көктал ауылының тұрғыны Айтбүбі Байымбетова.