Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылына шамамен 800 адам пластикалық операция жасатады

Елімізде жылына шамамен 800 адам пластикалық операция жасатады. Бұған әсіресе, әйелдер жиі баратын көрінеді. Бірақ,сұлулық сәнге айналған заманда саны бар сапасы жоқ отадан опық жеп жатқандар да аз емес. Әдемі болам деп әлекке түскендер не істейді? Косметологиялық қызметті кім қадағалайды? Тілшіміз айтады. 

Көрікті болып көріну үшін адам неге бармайды десеңізші?! Уақытты алдамақшы болып, уыс-уыс ақша шашып, тәуекелдің түр-түріне барып жүргенде, жұрт алдына шыға алмай қалғандары қаншама? Әдемі боламын деп ажал құшқандары да аз емес. Бірақ соған қарамастан пластикалық хирургия үлкен индустрияға айналуда. Отаның негізі эстетика мен сұлулық болғандықтан, оның көмегіне бізде ғана емес, әлем бойынша көбіне әйел адамдар жүгінетін көрінеді.

НҰРСҰЛТАН САҒАДАТОВ, ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГ:

Өзінің сыртқы келбетін,көркін өзгертем деген пациенттердің саны өте көбеюде.Әйел адамдардың пайызының қатары өте жоғары.Қаншалықты жерден оқыс оқиғалар болғанына қарамастан пластикалық хирургияның деңгейі күнен күнге артып жатыр бұнымен тоқтап қалып жатқан жоқ.

Соңғы 5 жылда 34 медициналық ұйымға, айта кету керек оның барлығы жекеменшік және 5 медициналық емес, яғни, сұлулық салондарына қатысты сапасыз пластикалық ота жасалғаны үшін 39 арыз түскен. Осы шағымдардың негізінде жалпы сомасы 1 млн теңгеден сәл асатын айыппұл тағайындалған. Онан бөлек операцияны маман сертификатынсыз немесе медициналық лицензиясы жоқ болып көрсету фактілері де анықталды.

БАҒЖАН МҰХАМЕТБЕК, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Медициналық қызмет ол лицензия алатын қызмет болып табылады.Сәйкесінше пластикалық отаны жүзеге асыру үшін осы түр бойынша медициналық лицензия болу керек және оны жүзеге асыратын мамандардың сертификаты болу керек.Пластикалық хирургия бойынша бұл сертификат клиникалық процедураларды жүргізеге асыру үшін рұқсат қағазы болып табылады.

Ия, сыртқы келбетті өзгертіп ажарымен аласқандар қаншама?! Жарнамасы жер жарған жасанды қызметтің нәтижесінде павлодарлық әйел қиын жағдайға түскен. Ернін үлкейтемін деп опық жеді.

НҰРСҰЛУ АУБАКИРОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ағымдағы жылдың наурыз айында тұтынушы инстаграмм әлеуметтік желісінде ерінді ылғалдандыру бойынша жарнаманы көріп соған баруды шешеді.Кейінен ерін үлкейту бойынша да қызметке келіседі.Процедурадан кейін тұтынушының ернінде ісу,одан кейін қышу сияқты тағы басқа шағымдар пайда болады.Жасаған қызметтің нәтижесіне риза болмай және денсаулығына келген залалды өтеу үшін тұтынушы сотқа жүгінеді.

Кез келген операция адам өміріне қауіп төндіреді. Соған қарамастан кейде адамдар әдемі болу үшін пышақ астына түсіп жатады .Әйел адамның сұлулыққа құштар болуында тұрған ешнәрсе жоқ. Десе де, жасандылықтың жан азабына айналмауына әркім өзінше мән беру керек.