Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда сирек кездесетін ауруға шалдыққан әйелге ота жасалды

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2024
  • 384

Науқас 25 жасына дейін қалыпты өмір сүрген, алайда соңғы жарты жыл ішінде бас ауруы мазасын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

№1 қалалық ауруханасында ерекше ота жүргізілді. Арнольдо-Киари – сирек кездесетін, туа біткен, мидың дамуындағы аномалия. Медициналық тұрғыдан бұл дерт ана құрсағында жатқан баланың ми органдары дами бастаған уақытта мишық қысылып, жұлын каналының жоғарғы бөлігіне түсуімен түсіндіріледі. Ауру белгілері ересек уақытта да байқала бастауы мүмкін. Мысалы, 25 жастағы Махаббат Шапулина бас ауруын ешқандай дертпен байланыстырмай, жарты жылдай күнделікті ауырсынумен өмір сүрген. Екі бала босанғаннан кейін оң жақ қолы қозғалмай қалғанда дәрігерге қаралуға бел буған.

– Жұмыс жасап, еңкейген бойда өзімді жаман сезіндім. Бір күнде ауырсынуды тоқтататын дәріні толықтай тауысып, ішетінмін. Осылай жарты жыл бойы жүрдім. Кейіннен МРТ-дан өтіп, Арнольдо-Киари дертіне шалдыққанымды білдім, – дейді науқас. 

Махаббат Шапулина отаны Астанада жасатқысы келген. Сырқат туралы облыстағы дәрігерлерден сұрастырып, барлық тәуекелдерді қалай алдын алуға болатынын білгеннен кейін №1 қалалық ауруханаға жатты.

– Бұрын осындай оталар Еуропа мен Америкадағы жетекші клиникаларында тек профессорлармен жүргізілді. Қазір біздің медицина ілгері дамығандықтан, елдің облыс орталықтарында осы ауытқуларға сәтті ота жасаймыз, – деді №1 қалалық аурухасының нейрохирургі Рашид Дүйсенбаев. – Облыста жылына осындай оталар 3-4 рет өткізіледі.

Павлодарлық науқасқа МӘМС жүйесі арқасында 1 миллион теңгеге жуық тұратын ота тегін жасалды. Екі сағатқа созылған күрделі отадан кейін бүгінде Махаббат өзін жақсы сезінеді.