Русский Сайттың толық нұсқасы

Әрбір өтініштің артында адамның тағдыры тұр – Конституциялық сот төрағасы

  • AstanaTV
  • 30 тамыз 2024
  • 233

 Бүгін, 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні. Ата заңның ережелерін мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету үшін былтыр Конституциялық сот іске қосылғаны белгілі. Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында аталған институттың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі туралы айтты. Қазақстандықтар тарапынан жиі түсетін өтініштерге тоқталып, мемлекеттік органдардың Конституциялық соттың шешімдерін қалай орындап жатқанына баға берді. 


- 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда азаматтарға өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қосымша құрал ұсынған тікелей конституциялық шағым институты өз жұмысын бастады. Сіз Конституциялық соттың қазіргі заманғы адам құқықтары контексіндегі рөлін қаншалықты өзекті және сұранысқа ие деп санайсыз?


- Мемлекетте қабылданатын барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға сәйкес болып қана қоймай, мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуы үшін қолайлы құқықтық өріс құра отырып, оған тәуелді болуы тиіс.


120-дан астам мемлекет Конституциялық соттар немесе оларға теңестірілген органдар құрды. Олардың міндеттеріне Конституцияның үстемдігін конституциялық бақылау және оған басқа заңдар мен актілерге қайшы келетін тәуекелдердің алдын алу кіреді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Конституциялық соттар Конституцияның үстемдігі туралы құқықтық дауларды шешумен қатар, конституциялық процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға, құқықтық қайшылықтарды жоюға, конституциялық-құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға арналған.


Осылайша, Қазақстанның Конституциялық сотын қайта құру 2022 жылғы конституциялық реформаның негізгі шешімдерінің біріне айналды. Биліктің үш тармағының ешқайсысына (заң шығарушы, атқарушы және сот) жатпайтын конституциялық бақылау органы өз қызметімен белгіленген тежеу мен тепе-теңдік жүйесін күшейтеді.


Бүгінде Конституциялық сот азаматтар үшін қолжетімді. Көпшілік мүддесі үшін және конституциялық заңдылықты белгілеу үшін Конституциялық сотқа Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және соттар да жүгіне алады. Конституциялық бақылаудың ұлттық моделі азаматтардың олардың теңдігі, қадір-қасиеті және заңды әділеттілікке қол жеткізуі тұрғысынан күтулеріне сәйкес келеді.


- Бұған дейін хабарланғандай, Конституциялық сот қазақстандықтар тарапынан түскен 7 мыңнан астам өтінішті қараған болатын. Қазақстан азаматтарының шағымдарын сараптасақ, қандай конституциялық құқықтар жиі бұзылады?


- Шынында да, өткен жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Конституциялық сотқа азаматтардың 7,5 мыңнан астам өтініші келіп түсті. Субъектілердің өтініштерін қарау қорытындысы бойынша біз 252 нормативтік қаулы қабылдадық. Оның ішінде заңдар мен заңға тәуелді актілер нормаларының конституциялығын тексеру, сондай-ақ Конституция ережелерін түсіндіру бойынша 49 қорытынды шешім шығардық.


Алайда, бұл – жаппай заң бұзушылықтың көрсеткіші емес. Көбіне нақты азаматтардың мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық шешімдеріне қанағаттанбауы туралы, мемлекеттік органдардың тиісті деңгейде назар аудармауы немесе құқықтық хабардарлықтың жеткіліксіздігі конституциялық бақылау органына жүгінуге себеп болатынын атап өткен жөн.


Өтініштерде азаматтар нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе оларды қолдану кезінде парасаттылықты, пропорционалдықты және құқықтық сенімділікті сақтамауға байланысты шағымданып жатады. Өтініштерге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «ҚР сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жекелеген нормалары тексерілді; Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін, Еңбек кодексін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексті, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексті (Салық Кодексін), Азаматтық кодексті; «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жекелеген ережелері негіз болды.


Азаматтардың жаңа институтқа деген сенімі Конституциялық соттың қабылданған шешімдерін орындау арқылы беки түседі. Бұл тұрғыда прокуратура органдары, соттар және кәсіби заң қоғамдастықтары үлкен рөл атқарады.


- Өткен жылы сіз Конституциялық соттың құзыретіне жатпайтындықтан, өтініштердің 93%-ы азаматтарға қайтарылатынын айтқан едіңіз. Бүгінгі жағдай қалай?


- Конституциялық сот азаматтардың, соттың және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініштері бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын тек қана нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. 2023 жылы өтініштердің 93%-дан астамы нормативтік емес құқықтық актілердің конституциялығын тексеруге немесе Конституциялық соттың құзыретіне кірмейтін мәселелерге байланысты қайтарылды.


Мысалы, олар азаматтық немесе әкімшілік іс бойынша күшіне енген үкімнің немесе сот шешімінің күшін жою, лауазымды адамның әрекетін немесе әрекетсіздігін тексеру және бағалау, оны жауапқа тарту, кредитті алуға немесе өтеуге жәрдемдесу, мемлекеттік органның нормативтік емес құқықтық шешімін өзгерту немесе жою туралы мәселелер.


Өтініштерді ресімдеуге және беруге қойылатын талаптарға байланысты рұқсат етудің ресми (айқын көрсетілген) шарттарына сәйкестігі тұрғысынан Конституциялық сот аппараты тексереді. Мұндай өтініштерді қайтару азаматты қайта жүгіну құқығынан айырмайды. Тәжірибе басқа елдердің конституциялық соттарының тәжірибесіне сәйкес келеді. Азаматқа қайта жүгіну құқығы сақталады. Ол өтініштің нысанасын қайта қарауы, құқықтық дәлелдерді нақтылауы немесе күшейтуі, оның құқығын бұзудың мәнін неғұрлым анық түсіну үшін қажетті құжаттарды қоса беруі, заң бойынша немесе өзінің Жарғысына, ережесіне сәйкес азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға құқылы ұйымның уәкілетті тұлғасын адвокаттың, заң консультантының өкілі ретінде тартуы мүмкін.


Барлық қайтарулар заңнаманың негіздері мен ережелерін түсіндірумен қатар жүретіндігін позитивті түрде атап өтуге болады. Қазіргі уақытта Конституциялық сот аппаратының қызметкерлері өздігімен және адвокаттармен және заң консультанттарымен бірлесіп мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес берді.


Биыл азаматтардың конституциялық сотқа жүгіну динамикасы былтырғы деңгейде сақталып отыр. Негізінде, басқа елдердің конституциялық соттарындағы жағдай ұқсас. Азаматтардың конституциялық сотқа белсенді өтініші азаматтардың заңдарға және Конституцияның үстемдігін орнатуға деген қызығушылығын көрсетеді.


- Мемлекеттік органдардың Конституциялық сот шешімдерін орындауының сапасы мен жеделдігін қалай бағалайсыз?


- Конституциялық соттың қатысуымен Адам құқықтарын қорғау алгоритмі әдеттегі сот процесіне қарағанда өзгеше бірізділікпен әрекет етеді.


Конституциялық соттың заңдардың 8 нормасын және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысын конституциялық емес деп тану туралы қорытынды шешімдерін іске асыру үшін прокуратура органдары 15 мыңнан астам қылмыстық және 4,5 мың азаматтық істерді тексерді. Сотталғандардың 3 мың шағымдары мен өтініштерін, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізуде бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың материалдарды зерделеді. 26 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, оның ішінде Конституциялық соттың шешімдерін орындау бойынша уақтылы шаралар қолданбаған мемлекеттік органдарға 13 прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу арқылы жүзеге асырды.


Заңда көзделмеген жағдайларда зейнетақы төлеуді тоқтатуға жол бермеу туралы №5-НП Конституциялық Соттың қорытынды шешімі негізінде Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам 5 азаматтың зейнетақы құқықтары қалпына келтірілді.


Конституциялық Соттың №19-НП және №26-НП қорытынды шешімдерінің негізінде прокуратура органдары 46 істі тексеруді жүзеге асырды және 3 азаматтың құқықтарын қалпына келтірді. Олардың екеуіне қатысты бұрын әкімшілік іс қозғалды және 1 азамат Жетісу, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында жұмысқа қайта алынды.


Конституциялық Соттың №6 қорытынды шешімін орындау үшін Парламент депутаттары Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабын Конституцияға сәйкестендірді. Сондай-ақ прокурорлар 42 сотталушының өз жақындарымен әлеуметтік байланыстарды сақтауға құқығын қалпына келтірді, бұл азаматтардың осы санатын қайта әлеуметтендіру шарттарының бірі болып табылады.


Конституциялық Сот өзінің №29-НП қорытынды шешімінде заң көмегін алу құқығын шектеу бөлігінде қылмыстық іс жүргізу кодексінің 482-бабы 1-бөлігінің ережесін конституциялық емес деп таныды. Адвокаттың шағымы негіз болған Конституциялық соттың қорытынды шешімінің жергілікті жерлерде орындалуын прокурорлық тексеру қорытындысы бойынша Ақмола облысында заңсыз сот актісінің күші жойылды.


2023 жылғы 1 маусымда Конституциялық сот өзінің №18-НП қорытынды шешімінде азаматтардың бала асырап алу туралы сотқа өтініш беру кезінде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын оңайлатылған тәртіппен ұсыну міндеттілігі туралы талапты конституциялық емес деп таныды. Соған қарамастан, жергілікті жерлерде прокурорлар жүргізген талдау соттардың Конституциялық соттың қорытындыларын сақтамау фактілері орын алғанын көрсетті. Сараптамалардың болмауына байланысты соттардың өтініштерді қайтаруының 5 фактісі анықталды, барлық жағдайлар бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.


Осы уақытқа дейін 6 нормативтік қаулы қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу жолымен толық іске асырылды. Атап айтқанда, өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілді. Соттың ұйғарымы негізінде соттарда мемлекеттік бажды төлеу бойынша кейінге қалдыруды белгілеу жөніндегі норма белгіленді, әлеуметтік кодекстің жекелеген ережелері Конституцияға сәйкес келтірілді және әлеуметтік атаулы көмек көрсету жөніндегі критерийлер белгіленді. «ҚР Үкіметі туралы» Конституциялық заңның Үкімет мүшелері мен министрліктердің функциялары қызметінің саласын нақтылау бөлігінде жекелеген ережелері негізгі заңға сәйкес келтірілді, сондай-ақ бала асырап алу кезінде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын өтінішке қосымша туралы талап жойылды. Парламент пен Үкімет басқа шешімдерді іске асыруда заңнамалық нормаларды жетілдіру жөніндегі мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қарайды.