Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада балалы келіншектің әбден жер-жебіріне жеткен такси жүргізушісі жазаланды

  • AstanaTV
  • 30 тамыз 2024
  • 292

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты балалы әйелді қорлаған такси жүргізушісіне бес тәулікке қамау түрінде әкімшілік жаза тағайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алдымен әлеуметтік желіде ағыл-тегіл жылаған келіншектің видеосы тарады. Ол ерекше баласы абайсызда такси орындығына аяғын тигізіп алып, балшық еткенін, ол үшін әйел кешірім сұрап, оны сүртіп алғанын айтады. Бірақ, оның айтуынша, ашуға мінген жүргізуші баланы шынтағымен ұрып, ауыр-ауыр сөздер айтқан.

Сотта такси жүргізушісінің қоғамдық жерде бола тұра, агрессиялық әрекет, психикалық қысым көрсетіп, Н. мен оның жас баласына қатысты былапыт сөйлегені анықталды. Сот отырысы барысында құқық бұзушы кінәсін мойындамады, хаттамамен келіспеді. Дегенмен жасалған құқық бұзушылық әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада, полиция инспекторының баянатында, жәбірленушінің түсiнiктемесінде көрсетілген нақты деректермен расталды.