Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің фармацевтика саласына қолдау қажет

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2017
  • 3163

Елімізде дәрі-дәрмек құнына қатысты дүрбелең басылар емес. Бағаның қымбаттауы халықтың қалтасына ауыр тиіп қана қоймай, фармацевтикалық зауыттардың жұмысына да кері әсер етуде. Бір қуанарлығы, кейбір отандық дәрілерге сұраныс артқан. Кәсіпорындар, бәсекелестікке төтеп беру үшін бағаны төмендетуге мәжбүрміз, дейді. Тілшіміз Жақсыбек Кемал препараттар құнын тағы бір саралап көрді.

Ашылғанына 3 жарым жыл болған Ақтөбедегі дәрі зауытында 14 түрлі препарат шығарылады. Халық жиі қолданатын шет елдік дәрілерді алмастыра алатын өнімдердің бағасы да арзан. Бірақ, жарнама болмағандықтан, осындай сапалы дәрілердің бар екенін жұрт біле бермейді, деді кәсіпорын басшылығы. Жарнамалау үшін арнайы рұқсат керек.

Зеріп Ақбалаева, дәрі зауыты директорының орынбасары:

Мынау 479 теңге - оптовый бағасы. Ал мұндайлар 1000-2000 теңге шетелдік дәрілер. Мына сироптардың өзі, «Амбромене» дегендер мың жарым, екі мың болса, бізде бұлар 200 теңге айналасында. Аптекаларда 15-20 пайыз қосатыны. Айлығы бар, шығындары бар.

Аймақ басшысы, дәрі құнының 70-80 пайызға дейін қымбаттағанын айтып, оған жол бергендерді сынға алған соң, жұмыс тобы құрылып, бағаны бақылауға алған. Меморандумда көрсетілген дәрілер бағасы тұрақты. Келісім бойынша, ол тізімге 106 дәрі түрі енген. Ал, республика бойынша тіркелген 7 мыңдай дәрі-дәрмек түрінің 3 мыңының бағасын бақылау қиын. Бұл  жауапты мекеме басшылығының уәжі.

Ринат Құбатаев, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Қазақстан бойынша 95 пайыз дәріханалар жекеменшікте. Оның 74-75 пайызы жеке және орта кәсіпкерлік нысандарының құрамында. Сондықтан, бұл кәсіпкерлерік кодексте де қаралғандықтан, баға жағынан бағаны реттеу туралы біздің құқығымыз жоқ.

Шығыста жағдай басқаша. 6 жыл бұрын медициналық препараттар шығаратын зауыттар құрылысына қомақты қаржы бөлінген. Бүгінде олардың саны 17. Жоспар бойынша, мемлекет тапсырысымен жұмыс істеуі тиіс болатын. Қарапайым тұрғындар мен денсаулық сақтау мекемелері арзан өніммен қамтылуы қажет еді. Дегенмен, жағдай басқаша өрбіді дейді, салада он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Зәуре Көшербаева. Зауыттар үшін өз шығынын өтеудің өзі мұң.

Зәуре Көшербаева, фармацевтикалық компания директоры:

«Қазақстаннан шығатын дәрілердің бағасы еуропалық, америкалық дәрілерге қарағанда арзан. Біздің мемлекеттік органдар бірінші кезекте осы отандық өнімдерді алып, таратулары қажет еді. Бірақ, ол тоқтады. Орнын құны қымбат шетелдік препараттар толтыруда.

Екі мыңыншы жылы қазақстандық өндірушілер отандық нарықтың 3 пайызын қамтыған. Содан бері шетелдік дәріні немесе оны алмастыратын отандық арзан өнімді таңдауға мүмкіндік тууы қажет еді. Бізден шығатын препараттар халықаралық стандарттарға сай келеді. Алайда, соңғы 17 жылда бұл мәселеге ешкім назар аудармады. Зауыт бар, өнім сұранысқа ие. Бірақ оны шығарып, сату қиындық тудыруда.

Шетелдік дәрі тасымалымен айналысатындар бағаның көтерілуіне қатысымыз жоқ дейді.

Гүлмира Мүсірәлиева, «Ақ ниет» ЖШС атқарушы директоры:

Бізге қалатыны бар болғаны 2-3 теңге. Компанияның жалақы тағы басқа шығындарын есептемегенде. Сондықтан бүгінде дистрибьютерлік қызмет тиімсіз дер едім. Көтерме сауда тек игі іс қана болып тұр біз үшін. Түсетін табыс тиын ғана десек болады. Әрі қарай дәріханалар өз бағасын қояды.

Ал Павлодарда дәрі-дәрмек бағасы құбылмалы. Әсіресе, шетелдік фармацевтикалық компаниялардың өнімдері. Белгілі бір препаратты жабдықтаушыдан 1 000 теңгеге сатып алсақ, ертең оның құны 20 пайызға қымбаттап немесе арзандап келуі мүмкін,-дейді мамандар. Фармацевттер Қазақстандық өнімнің сапасы артқанын, өндірілетін дәрілер халықаралық стандарттарға жауап беретінін айтады. Сондықтан отандық өнімнің үлесі мейлінше өскен.

Светлана Савельева, дәрі сараптаушы:

Тұтынушыларға дәрі-дәрмек дәріханалар желісі арқылы жетеді. Бірақ барлық дәріхана жабдықтаушыға тікелей байланған десем болады. Егер баға ол жақтан көтеріліп келсе, бізде қымбаттатуға мәжбүрміз. Баға саясатына қатысты нақты бір тұжырым жасау қиын. Өйткені дәрлердің құны күн сайын өзгеріп тұруы мүмкін.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Түйгеніміз - мәселені отандық дәрі өндірісіне ерекше қолдау көрсетіп шешуге болады. Мұны сала мамандары да құптап отыр. Сондықтан олар Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан қамқорлық күтеді.

Жақсыбек КЕМАЛ