Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда көлік салығын төлеуге асықпағандарға жаза қатаңдатылды

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2017
  • 3468

Алматыда көлік салығын төлеуге асықпайтын жүргізушілерге қатаң шаралар қолданыла бастады. Борышын өтегісі келмейтіндердің көліктері айып тұрағына қойылып, олардың ісімен сот орындаушылары айналысуда. Салықты дер кезінде төлемейтіндерге қарсы күреске кіріс департаментінің мамандарымен қатар жол-патрульдік қызметі де тартылды. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Салығыңды төле, болмаса, көлігіңнен айырыласың. Осылай деп ұран тастаған салықшылар қазір борышкерлерге қатысты мәліметтер базасын ақтарумен әлек. Себебі қазір Алматыда тек көлік салығы үшін азаматтардың берешегі 3 млрд теңгеден асып кеткен. Фискальдық орган мамандары жайбарақат жүрген жүргізушілердің көліктерін алып қоюға дейін барып жатыр. Тіпті олар салық үшін қарыз 100 теңге болса да, шара қолдануға бекініп отыр.

Заңғар Шыңдәлі, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Борышкердің қарызы 100 теңгеден асса, арнайы тізімге алынып, ескерту жасалады. Егер ол ескертуге құлақ аспаса, істі сотқа жолдауға құқылымыз. Ары қарай олардың ісімен жеке сот орындаушылары айналысады. Мұндай жүргізушілердің көлігін көшеде жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, айып тұрағына қамап жатыр.

Салықшылардың дерегінше, өткен екі айда қарызы бар 5 мың көлік айыппұл тұрағына қойылды. Кезекте салығын төлемей, ескерту алған 20 мың көлік иесі тұр. Азаматтар көп жағдайда күйбең тіршілікпен жүріп, салық төлеуді ұмытып кететін көрінеді. Ондай жағдайда борышын өтеуге 30 күн беріледі. Ай сайын қала тұрғындарына коммуналдық түбіртекпен бірге салық туралы ақпарат жөнелтіліп отырады. Бірақ оған да назар аудармайтындар жеткілікті.

Рамир Садықов, жеке сот орындаушы:

Біз соттың шешімін орындауға міндеттіміз. Әдетте 50 мың теңгеден артық қарызы бар адамдармен жұмыс істейміз. Заң бойынша жеке тұлғалардың қарызы 45 мың теңгеден асып кетсе, сот олардан мәжбүрлі түрде қарызды өндіруге шешім қабылдайды. 

Салық органдарының өкілдері борышкерлердің көлігіне сот шешімімен бұғат қою шарасы қолданылатынын айтады. Ондай жағдайда жүргізуші сот орындаушының шығынын да өтеуге міндеттеледі 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ол қарыз соммасының шамамен 3 пайызы мен 25 пайызына дейін өседі. Одан тыс айыппұл тұрағының әр тәулігіне тиісті қаражат тағы алынады. Мұның барлығы көлік иесінің мойнына ілінеді. Сондықтан салықшылар жүргізушілерден салықты уақытында төлеудің абзалдығын ескертеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ