Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі газ тапшылығы қолдан жасалып отыр - Қ.Бозымбаев

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2017
  • 2795

«Ақтөбедегі газ тапшылығы қолдан жасалып отыр». Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді. Ал Үкімет басшысы осы мәселеге орай тексеру жүргізуді тапсырды. Өңірде соңғы бір аптада сұйытылған газ жетіспеушілігі байқалуда. Шаһардағы бекеттердің көбі өнімді талонмен ғана босатып жатыр. Санаулы орын ғана қолма-қол ақшаға сатып, нәтижесінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Көлігіне газ қондырғысын орнатқан тұрғындардың әуре-сарсаңға түскеніне бір апта болған. Қаладағы газ құю бекеттерінің тек үшеуі ғана қолма-қол ақшаға құюда. Оның өзінде кезекте тұрғандардың барлығының газға қол жеткізетініне кепілдік жоқ.

Соңғы тәуліктерде сұйытылған газды қолма-қол ақшаға жіберетін бекеттерде дәл осындай көрініс. Шақырымға созылатын кезек. Тұрғындар басқа шаруасын ысырып қойып, газ үшін бірнеше сағаттап тұруға мәжбүр. Мұнайлы өңірдің газдан тарығуы қисынға келмейді, - деп ашынады олар.

 Газ жоқ. Қай жерге барсаң да - кезек. 3-4 сағаттап тұрамыз.

Сағат үштен төртке дейін береміз дейді. Біз сағат жарым күтеміз, мына жерден ана жерге дейін барғанда, ала алмаймыз, 

Әкімдіктегілер газ жетіспеушілігінің бірнеше себебі барын айтады. Облыста 30 мыңдай көлік газ қондырғысын орнатқан. Өңірге ай сайын  5200 тонна сұйытылған газ бөлінеді. Ал Ақтөбенің тұтыну көлемі 7 мың тоннадан астам. Қалған екі мың тоннадай газдың жетпеуі сондықтан, - дейді жауапты тұлғалар. 

Жанат Жұбанышов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Көлік саны 54 пайызға артып отыр. Былтыр 21 000 болса, қазір 31 871. Тіркелмегені қаншама. Өздеріңіз білесіздер, Ресейден келетін көліктер тіркелінбейді. 

Газ жетіспеушілігін бекет қожайындары да мойындап отыр. Қаладағы газ тарату бекеттеріне күніне 110 тонна газ құйылады. Бағасы - 49 теңгеден.

Алтынай Мұқанова, газ құю бекетінің қожайыны:

Арнайы қойылған бейнекамералар арқылы көліктердің өту жиілігі ескеріледі. Соған сәйкес есептесек, Хромтау ауданындағы бекетке 120 тонна сұйытылған газ керек. Ал бізге 70 тонна береді. Енді қараңыз, бұл жете ме, жетпей ме?

Өңірдегі газ тапшылығы мәселесі бүгін Үкімет отырысында да талқыланды. Бақытжан Сағынтаев бұл проблема жылда қайталанатындықтан, тиісті шаралар қолдану қажеттігін айтты.

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-министрі:

Кiмнiң газды, кiмнiң бензиндi алатынын бәрiмiз жақсы бiлемiз. Қай көлемде, қай жерге және қалай жiберiледi? Осының барлығының жұмысын әкiмшiлiкпен бiрлесе отырып, алдын ала пысықтап атқару керек. Әдейi сатпай отырғандар болса және оны Ақтөбе облысына емес, басқа тараптарға, мысалы, шетелге сататындай iс-қимылдар жасалса, онда тиiстi шаралар қолдану қажет.

Энергетика министрлігі мәселенің жәй-жапсарын анықтау үшін аймаққа өкілдерін жіберген. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, министрлік ай сайын жіберілетін газ көлемін бекітеді. Ол Ақтөбе облысындағы зауыттардан бөлінеді. Арнайы рұқсаты бар  компания газды өз қаражатына сатып алып, нарыққа шығарады. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Тиісті газдың көлемі бар. Бірақ оны қайда жіберді олар, Ақтөбеде неге сатылмады - оны талдау жасау керек. Мен ойлаймын, тапшылық қолдан істелінген тапшылық.

Облыс әкімі үкімет мүшелеріне аталған мәселе бойынша тиісті шаралар жасалып жатқанын жеткізді. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясынан қосымша 80 тонна газ алынған. Әкімнің дерегінше, газ сататын мекемелердiң кейбiреулерi бар газды сатпай отырғанына байланысты мәселе туындаған. Жүргізушілерді баға жайы да алаңдатады. Тапшылықтың соңы қымбатшылыққа соқтырмай ма деп алаңдайды. Қосымша бөлінген газдың қанша уақытқа жетері белгісіз.

Жақсыбек КЕМАЛ