Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлемде босанудан кейінгі тұншығудан 1 миллионға жуық нәресте көз жұмады- сарапшылар

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2017
  • 2663

Жыл сайын әлемде босанудан кейінгі тұншығудан 1 миллионға жуық нәресте көз жұмады. Неонатолог дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Бала өлімін азайту мәселесі кезек күттірмейді.

Осы ретте Түркиядан келген мамандар шеберлікті шыңдау мақсатында арнайы курс өткізіп жатыр. Астанадағы емдеу мекемесі базасында ұйымдастырылған шара 4 күнге созылады. Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі жаңа туған сәбидің бойындағы кейінге қалдыруға болмайтын дертпен күресу мақсатында құрылған. Асфиксия, тыныс алу жетіспеушілігі сияқты ауруларды 20 жылдан бері зерттеп келе жатқан неонатолог Ширин Гювен қазақстандық мамандардың даярлығына оң баға берді.

Ширин Гювен, балалар денсаулығы және балалар аурулары клиникасының меңгерушісі, Ыстамбұл:

Біз мұнда тәжірибе алмасуға келдік. Қазақстандағы неонаталог дәрігерлердің білім-біліктілігі мақтауға тұрарлық. Әлемдік талаптарға сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бірлескен жоба жалғасын табады деп сенеміз. 

Шеберлік шыңдау шарасына Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан 60-қа тарта дәрігерлер шақырылған. Жаңа туған нәрестеге реанимациялық көмек көрсетуді жетілдіру үшін медицина мамандары заманауи құрылғыларды қолданып жатыр. Республика бойынша асфиксиялық жағдай жиі кезіге қоймайды. Бірақ, дәрігерлердің дайындығы қашан да жоғары болу керек дейді,- мамандар.

Жанна Мұқанова, шеберлік сыныбына қатысушы, ШҚО:

Негізінен практикалық жұмыстармен айналысып жатырмыз. Алғашында дәріс оқылды. Енді тақырып бойынша нақты іске кірісіп тәжірибе алмасудамыз. Республика бойынша неонатолог дәрігерлердің тапшылығы байқалады. Кадр жетіспеушілігі мәселесі осындай білім жетілдіру курстары арқылы шешілмек.