Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да жаңа үлгідегі қосалқы станция пайдалануға берілді

Орал қаласында коммуналдық гидронысандар мен электр желісіне түсер салмақ артып отыр. Өйткені жылдан жылға облыс орталығының аумағы кеңейіп, халық саны көбейіп келеді. Бұл аздай өңірдегі электр желілерінің 80% тозығы жеткен. Өңірдегі өзекті мәселе қалай шешіліп жатқаны туралы тілшіміздің материалында. 

150 мың абонентті қамтитын жаңа станса сағатына 1500 текше метр шайынды суды өңдеп, өткізеді екен. Мұндағы жұмыс түгел автоматтандырылған: құбырға түскен тұрмыстық қалдықты аппарат өзі турап, жағымсыз иісті сүзіп алады.

АЯН ИЛЬЯСОВ, "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Бұл мясокомбинат шағын ауданынан бастап, мына орталықтағы бүкіл объектілердің бәрі осы арқылы кәріз құбырлары жұмыс жасап тұр. Бұл - 150 мың адамды қамтамасыз етіп отырған кәріз сорғы стансасы. Бұл КНС-3-тен басқа қалада КНС-2 дейтін кәріз сорғы стансасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Жаңадан ашылған №3-кәріз сорғы стансасы 1967-жылдан бері жөнделмепті. Ескірген қондырғылар жиі істен шығып, су беру тоқтатылатын. Үш өзеннің ортасында отырып тіршілік нәрінен тарыққан оралдықтар енді бұл қиындықты да ұмытатын болды.

Жел тұрса, жаңбыр жауса жарығы өшетін қала іргесіндегі елдімекендердің халқы енді осы азаптан құтылады. Өйткені жаңадан салынған 15-қосалқы электр стансасы 120 мың абонентті электр қуатымен үзіліссіз қамтиды. 2,7 млрд теңгеге салынған стансаның қондырғылары түгелдей отандық, әрі 60 градус ыстық пен 50 градус аязға шыдамды, дейді мамандар.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біздің алдағы уақытта мақсатымыз жалпы электр қуатына деген жылдан-жылға сұраныс көп болып жатыр. Ол дегеніміз тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бүгінгі күні біз 388 мегаватты облыс көлемінде тұтынатын болсақ, енді келесі жылы 25-26- жылдарға 500 мегаватқа дейін жеткіземіз деген жоспар қойдық алдымызға.

Өңірдегі электр желілерінің 80 проценті тозған. Сондықтан алдағы жылдары барлық ауданның қосалқы стансалары жөнделмек.