Русский Сайттың толық нұсқасы

Папиллома вирусына қарсы екпе салу күзде басталады

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2024
  • 317

Күзде елімізде адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталады, - деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Ведомство дерегінше, індетті жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұқтырады екен. 

Адам папиллома вирусы – терінің, дененің шырышты қабықтарын зақымдайды. Яғни сүйел пайда болып, әрі қарай күшіктеп кетеді. Терідегі вирус ағзада қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етеді. Ауру тез таралады. Жұғу жолдары мынадай:

- Күнделікті қарым-қатынас барысында. Мысалы: қол алысып амандасу, құшақтасу арқылы жұғуы мүмкін.

- Жыныстық жолмен де таралу қаупі жоғары.

- Сонымен бірге, босану кезінде шақалаққа да жұғуы ықтимал.

- Сондай-ақ, адамда вирус болса, қырыну, эпиляция кезінде күшіктеп кетеді.

Дәрігерлер мейлінше, гигиенаға баса мән беру керегін ескертеді. Вирус сауна, монша, спорт зал мен бассейндерде тез таралады.

Вакцина салу қыркүйекте басталады. Тегін. Әзірге пилоттық жоба ретінде тек 11 жастағы қыз балаларға салынады. Ата-ананың немесе баланың қамқоршысы келісімі болуы керек. Вакцина салмас бұрын баланың денсаулығы тексеріледі.

Вакцина әлемнің 135 елінде тіркелген. Австралия, Швеция, АҚШ екпе салуды 10 жыл бұрын бастап, вирустың таралуын 90 пайызға төмендеткен. Қазір екпе Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан да салынып жатыр. Кейбір елдерде вакцина ерлерге де міндеттелген.

Қазақстанда қолданылатын препаратты АҚШ-тың «Мерк Шарп және Доум» компаниясы шығарған. «Гардасил» деп аталатын дәрі 4 валентті. Екпе 2 компонетті, екінші доза 6 айдан соң салынады. Сол үшін Үкіметтің резервінен қаржы бөлініп, 11 жастағы қызға 175 мың 350 мың доза вакцина сатып алынды.