Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда қос қабатты үй құлауға жақын тұр

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2017
  • 3625

Оңтүстік Қазақстанда 12 пәтерлі қос қабатты үйден ақау шықты. Леңгер қаласының тұрғындары пәтеріндегі сызатты осыдан екі апта бұрын байқапты. Дереу  жергілікті шенділерге хабар бердік дейді. Алайда, үй құлауға шақ тұрса да, атқамінерлер жайбасарлық танытып отыр, деп өкпелі. Әкімдік өкілдері болса, мәселе бақылауда екенін айтады. Тараптардың пікірін әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Я пенсионерка, нахожусь  день и ночь здесь и сплю здесь. Ночью даже слышен треск, как будто вот сейчас упадет дом.

Алпысты алқымдаған Закия Құспанова қартайғанда далада қалам ба деген үреймен күн кешіп жүр. Отыз жылдан бері тұрып жатқан пәтерінің қабырғалары бүгінде сөгіліп тұр. Басында қабырғаның сылағы түскен шығар деп ойлаған. Енді күннен күнге сызат үлкейіп барады,- дейді зейнеткер. 

Закия Құспанова, Леңгер қаласының тұрғыны:

Кенеттен сықырлаған дауыс естілді. Ілулі кілемді көтеріп едім, арты үңірейіп тұр. Бұл бөлмеге көп кірмейтінбіз. Қарасам, едені де отыра бастапты. Әкімдікке  арыздандым. Әзірге келіп көргені болмаса, қайыр болмай тұр. Ұлым екеуміздің барар жеріміз де жоқ. 

Леңгер қаласындағы екі қабатты үй осыдан алпыс жылдай бұрын пайдалануға беріліпті. Мұнда 12 отбасы тұрады. Тұрғындардың айтуынша, ескі болғанмен,  өзге баспаналарда мұндай ақау жоқ көрінеді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Көріп тұрғанымыздай, қос қабатты үйдің қазір бір бұрышы түгелдей отыра бастаған. Мұны тұрғындар жапсырған мынадай қағаздардың жыртылып, созыла бастауынан-ақ аңғару қиын емес. Айтуларынша, әуелгіде саусақ сиятын сызаттарға қазір жұдырық емін-еркін сиып кетеді.

Салдарынан қазір тұрғын үйдің төбе сылақтары да түсе бастаған. Бөлмеаралық есіктердің ашып жабылуы күннен күнге қиындап барады, дейді тұрғындар. Олардың ойынша, кенеттен пайда болған сызатқа су жүйелеріндегі ақау себеп болуы әбден мүмкін.

Базаралы Алданов, Леңгер қаласының тұрғыны:

Водоканалдың суы. Өткенде 18-і күні келіп ана жерді түнгі үшке дейін кеуледі. Су кәдімгі бұлақтағыдай емес, атқылап жатыр. Сол су жердің  бетіне шықпай, мына жаққа келген құбырдың арығымен. Мына ескі құбырда лоток бар, сол лотокпен  келген, бәрі жиналып астына ұрған. Осы судың кесірінен жарылып жатыр.

Оқиға орнына келген жергілікті шенділер мәселе сарапшыларға кеп тіреліп тұрғанын айтты. Ал баспанасы тұруға қауіпті зейнеткер Закия Құспановаға уақытша тегін баспана тауып бергендерін мәлімдеді.

Қосбай Қожанов, Леңгер қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір біз лицензиясы бар арнайы мекемені күтіп отырмыз. Осы үйге апатты не апатты емес деген қорытынды алу үшін. Сол қорытындыны алғаннан кейін, комиссия бір шешімге келіп, тиісті жұмыстарды әрі қарай жүргізетін болады. Жөндеуге жарайды не жарамайды деп. Егер  қазіргі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, егер үй аптатты үй деп танылса, бұл кісілер ҚР заңнамаларына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етіледі кезексіз.

Ал бүтін үйдің бүлінуіне не себеп болғанын әкімдіктегілер айта алмады. Белгілісі бұл үйдің бұған дейін еш ақауы болмағаны. Енді соңғы нүктені ертең іске кірісетін арнайы сарапшылар қоймақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ