Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық ұстаздар оқу процесіне қажет жабдықтарға қаражат сұрайды

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2017
  • 2570

Қарағандылық ұстаздар оқу процесіне қажет жабдықтарға қаражат сұрайды. Жылдар бойы бума-бума қағаз бен көрнекі құралдарды өз ақшамызға сатып алып келеміз, дейді қаладағы 23 мектептің ұжымы. Былтыр оқу бағдарламасы жаңартылған соң қағазға жұмсалатын шығын тіпті көбейген.

Гүлайым Лапиева, бастауыш сынып мұғалімі:

«Бір балаға 4 қағаз шығарамыз. Принтерді өзімізден үйден әкеліп қойғанбыз. Әр сыныпта әр мұғалімнің өз принтері бар. Сол картриджді толтырып отырамыз. Айына әр мұғалімнен қалтамыздан 10 мың теңге шамасында шығады. Осы мәселені үкімет тарапынан қаражат бөлуді қарастырса деп ойлаймыз».

Ұстаздар сыныпты жөндеу, безендіру жұмыстары да мойнында екенін жайып салды. Кейде, ата-аналар демеушілік жасайтын көрінеді. Қажетті қағаз, құралдарға бюджеттен ешқашан қаржы бөлінбегенін мектеп басшылығы да растап отыр.

Қаражат тапшылығынан білім ошағы тозған. 27 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген сыныптардың төбесі шіріп, кейбір бөлмелерді жабуға тура келген. Ал, шеберханаларда дәнекерлеу, бұрғылау, жону құралдары жетіспейді. 

Облыстық білім басқармасы бұл жағдайда қатысты қандай бір түсінік беруге асықпай отыр. Дегенмен, олардың дерегінше, аймақта 245 мектептің технология кабинеттері ескірген. Жаңарту үшін 490 млн теңгедей қаржы керек. 

Нүркен Ашықбаев, Қарағанды қаласы №23 орта мектеп директоры:

Кәсіби бағдар беруіміз керек. Оның ішінде қазіргі жетіспей жатқан техникалық мамандықтар иелерінің. Біз, әрине, теориялық білім береміз. Практикалық жұмыс жасау үшін қажетті құрал-жабдықтар болса, ол бізге құба-құп болар еді.