Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық кәсіпкерлер аккредиттеуден өткен ветеринарлық зертхана жетіспейтініне қынжылады

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2017
  • 3213

Тобыл өңірінде аккредиттеуден өткен бір ғана ветеринарлық зертхана жұмыс істейді. Мұндай орынның тапшылығы ет экспортын арттыруға кедергі келтіріп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысумен өткен жиында Қостанай облысының бизнес өкілдері осы мәселені көтерді. Өнімін шетелге шығаратын алыс аудандағы фермерлер арнайы құжат алу үшін облыс орталығына шапқылап, жалғыз зертхананың қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Алмат Тұрсынов, «Қарасу» СӨК бас директоры:

Сертификат алу үшін 10 күн күтеміз. Осы уақыт аралығында өнімнің сапасы төмендейді. Салдарынан тұтынушыдан айрыламыз. Нарықтан қағыламыз. Мәселені тез арада шешу керек. Сонда ғана кедергі жойылып, кәсіпке жол ашылады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнес иелерінің мәселесін оң шешуге ықпал етпек. Жуырда  Ресеймен  шекаралас Қарабалық ауданындағы зертхананы аккредитациядан өткізу жоспарда тұр. Қостанайлық кәсіпкерлерді  мазалаған  тағы бір  сұрақ  қосымша құн салығын қайтару  жөнінде болды. Тимур Құлыбаев  бұл мәселенің үкімет деңгейінде талқыланатынын жеткізді.

Тимур Құлыбаев,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:

Бұл мәселе қазір өте өзекті болып тұр.  Қосымша құн салығын қайтару жолындағы көп тексерістерді  қысқарту туралы, үкіметке  сауал жолдайтын боламыз. 

Заңғар САНАЙ