Русский Сайттың толық нұсқасы

"Атом энергетикасын дамытпасақ кеш қаламыз", - сарапшы

Алдағы бірер жылда елдегі энергия тапшылығы 10 пайызға жетуі мүмкін. Яғни, әрбір оныншы үй жарықсыз қалып, зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтауы ықтимал деген сөз. Мамандар мәселені қазірден қолға алған жөн дейді. Атом электр станциясына қатысты ақпаратты Сүндет Оралбек "РЕФЕРЕНДУМ-2024" айдарында тарқатады. 

Елімізде энергия тапшылығы жыл сайын 3 пайызға артып келеді. Бұлай жалғаса берсе алдағы 10 жылда елдің 30 пайызы жарық пен жылусыз қалуы мүмкін. Қазір Республика аумағында 45 жылу және 36 гидроэлектростанция жұмыс істейді. Осыған қарамастан энергия тапшылығы бар. Оған себеп -70% электр станцияларының тозуы. Сондықтан атом электр станциясының құрылысы елді энергия тапшылығынан құтқарып қана қоймай, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. 

ОРАЗБЕК БЕКБАС, ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГЕТИКТЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Экспортқа қарағанда импортымыз 10 есе көп. Ақшалай санағанда экспортқа 60 млн-ға энергия сататын болсақ, ал өзімізге 267 млн-ға Ресейден және Қырғызстаннан сатып аламыз. Сондықтан, қазір Қазақстанда электр энергиясын шығаратын мекемелерді салу алдымызда тұрған үлкен мақсат. АЭС-ті салуға қорқатындай ештеңе жоқ.

Күн мен желден алып отырған энергияға арқа сүйеуге болмайды. Өйткені оның да тапшы болмасына ешкім кепілдік бермейді. Ал газ бен көмірден алатын қуат көзінің экологияға зияны өте көп. Экономикамызға да айтарлықтай салмақ салады. Ал атом электр станциясын салу тәуелсіз энергияға қол жеткізудің төте жолы болмақ. 

Ерболат ҚОЯНБАЕВ, «ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҚ» РМК АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Атом энергетикасына тең келетін ешқандай энергетика көзі жоқ. Ертең көмір болсын, газ болсын ауаға көмір қышқыл газын шығарады ғой. Бәрібір көміртектің ізі қалады. Сондықтан көміртексіз энергетикаға көшетін болсақ, атом энергетикасы болу керек. Оны дамытпасақ, ертең энергетикасыз қалып қоямыз.

Қазір бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға атсалысуда. Мәселен, аспан асты елі 26 реактор, Түркия 4 реакторлы станция салып жатыр. Жалпы реактор 60 жылға проекттеледі. 100 жылға дейін жұмыс істеуі мүмкін. Сол үшін қауіпсіздігіне алаңдайтын дәлеңе жоқ дейді мамандар. АЭС - қалыпты радиациядан 100 есе төмен және рентгендік дозаның 1%-нан аз. Апаттың ықтималдығы жоқтың қасы деуге болады. Қызметі МАГАТЭ белгілеген қатаң стандарттармен реттеледі. Әлемдегі 400-ден астам АЭС қауіпсіз жұмыс істеп, миллиондаған адамдар үшін таза және тұрақты энергия өндіреді.