Алматы облысындағы Талғар қаласына жақын жерде адам сүйектері табылды. Оны петроглиф зерттеушісі Ольга Гумирова байқаған. Айтуынша, олардың үстінде адамдар мен мал жүреді. Шынымен де солай ма, оны тілшіміз Жомарт Түзелбай біліп қайтты.
Ольга Гумирова тамыз айының соңында олар ұжыммен бірге Талхиз елді мекеніне экскурсияға барған. Экспедиция барысында сүйекті байқаған. Кейін ол жерде ортағасырлық зират болғаны белгілі болған.
ОЛЬГА ГУМИРОВА, ПЕТРОГЛИФ:
Бір шопанның кеңесімен осы жерге келіп, жолдың дәл бетінде адам сүйектері, атап айтқанда, жақ сүйек бар екенін көрдік. Менде фотолар бар. Ол жерден бас сүйегінің ұсақталғанын және адам сүйегінің тағы бірнешеуін таптық.
Бұл аймақта зиратқа апаратын жол бұрыннан болған. Бірақ жауынмен көрінбей қалған. Жер астынан сүйектер шыға бастаған. Жергілікті тұрғындардың пікірі екіне жарылды. Бірі бұл адам сүйектері десе, енді бірі жануарларға тиесілі деп санайды.
БЕКБОСЫН ИЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Мұнда қасқырлар болады. Түлкілер жүреді. Иттің сүйегі шығар ол. Иттің сүйегі адамның сүйегіне ұқсайды ғой былай несіне келгенде. Вот сол айтып жүрген адамды әкеліп көрсетіңізші мен 60 жыл міне өмір сүремін. Бұл жерде никакой кладбище деп біздің наши предки не говорили.
САҒЫНДЫҚ МАТАН, ТАЛҒАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Талғар аудандық полиция бөліміне басқармасына хат жіберілді. Енді ол Талғар қаласы полиция басқармасы тарапынан экспертиза жүргізіліп нақты кім ол нақты ол сүйектер кімге жатады?, кімнің сүйегі? Сол нақты белгіленген соң ары қарай жұмыс жасаймыз.
Жақын арада мамандар қажетті шараларды қолға алмақ. Сараптама нәтижесінде адам көмілгені расталса, тиісті шаралар қолданылады.