Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұшақта бомба бар деп әзілдеген жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2024
  • 102

 Әлеуметтік желіде Алматы – Орал бағытында ұшатын ұшақ бортында түсірілген бейнежазба тарады.

Жас жігіт бомба қойылғаны туралы әлеуметтік желіде әзілдемекші болған. Осыған байланысты бортты әуе күзетінің өкілдері кинологтармен бірге келіп тексерген. 

Содан кейін жас жігітті ұшақ бортынан түсіріп, алып қалған.

Бейнежазбада оның көзіне жас алып, қапаланғаны анық көрінеді. Ұшақ бір сағатқа кешігіп ұшқан.

ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш оқиғаға байланысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

«Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды», деп хабарлады ведомстводан.

Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.