Русский Сайттың толық нұсқасы

Министр Шаққалиев Бибігүл Төлегенованы ұшаққа кіргізбеген әуе компания туралы пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2024
  • 287

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткен әуе компанияның ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Арман Шаққалиев осы жайтқа қатысты пікір білдірген Аида Балаевамен келісетінін айтты.

"Ортақ ереже деген түсінік бар. Егер тыйым салынатын нәрсе болса орындау керек. Рұқсат етілсе, оны да орындау керек. Бұл жағдайда (Бибігүл Төлегеноваға) орнына жетуде қиындықтар болған. Әуежай қызметкерлері бұл жағдайға ерекше қарауы керек еді. Әуежай қызметкерлері клиенттерінің қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төнбеуін қадағалауы керек", - дейді Шаққалиев Сенат кулуарында.

Еске салайық, күні кеше Air Astana әуе компаниясы Астанадан Алматыға ұшпақ болған халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткені хабарланды. Қоғам белсендісі Лека Савальева әуекомпания президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, болған жағдай үшін кешірім сұрауын талап етті.

"3 қыркүйек күні сағат 10.30-да Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуе компаниясының 852 рейсінде жайсыз оқиға орын алды. Аты аңызға айналған әнші, КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Air Astana қызметкерлері ұшаққа отырғызу кезінде дөрекілік көрсетті", - деп жазды Лека Савельева Facebook парақшасында.

Әуе компанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының денсаулығы сыр беретіні, яғни омыртқасында ақау бар екені хабарланған. Арбаға отырған өнер иесін қызы шығарып салмақ болған. Бірақ кенеттен оларды Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отырғызылатынын, ал кешіккен жағдайда соңғы жолаушының өткенін күту керек екенін айтқан.

Бұл жайтқа қатысты Аида Балаева пікір білдірді.

"Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты. Әуе компаниясы бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелерін еске салды. Әрине, ұшақтың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелер қатаң сақталуға тиіс. Дегенмен әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, болған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Нақтырақ айтқанда, әуе компания мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс", - деп жазды Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, аға буынға құрмет - тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі. Қандай жағдайда да оларға дөрекілік танытуға ешкімнің хақысы жоқ.