Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда қатты желден үйлердің шатыры ұшып кетті

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2017
  • 3165

Атырауда қатты желден ғимараттардың шатыры ұшып, көліктер зардап шекті. Абырой болғанда, адамдар аман. Дүлей дауылдан әлекке түскендер арасында қайта жаңғыртудан өткеніне 2 жыл болған көпқабатты үйдің тұрғындары да бар. Шағынаудандарда жарық  сөнген.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Мына үйдің алды әлі астан-кестен. Құлаған шатыр қирандыларын жинап үлгермей жатыр. Тіпті төбедегі құлағалы тұрған шатыр бөлігін түсірмейінше, қауіп сейілген жоқ,- дейді ПИК төрайымы. Айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бесінші қабатқа жететін бір де бір техника таппай, іздестіру үстінде.

Таңертең 8-ден бастап әлі жоқ. Сағат 12 болды. Әлі кран жоқ. Анау түсіп кетсе, кім жауап береді? Подъездің қақ алды.

Шатырдың көз алдында ұшқанын өз көзімен көргендер қорқыныштан әлі арыла қоймаған. 

Қазимаш Сабирова, Атырау қаласының тұрғыны:

Алдына қарай құлады ғой. Мына терек машинаның үстіне түсті. Мыналар былай құлады. Соның бір тесігі болды. Білмеймін қалай шыққанымызды, екеуміз шығып кеттік.

Нина Жасмағамбетова, Атырау қаласының тұрғыны:

Неге үйдің төбесінің бір бөлігі ғана құлады деп сұрап едім. Сөйтсем, шатырдың біздің жақтағы бөлігін дұрыс бекітпеген екен. Ағаштар тұтас емес, қысқа-қысқа бөлікке бөлінген. Әрі шегемен жартылай ғана қағылған. Негізі бұрандамен бекіту керек екен.  Былтыр да қатты жел болды ғой. Сол кезде босап тұрса керек.

Пайдалануға берілгеніне 30 жыл болған көп қабатты үй екі жыл бұрын ғана қайта жаңғыртудан өткен. Ол да мердігер компанияның  жауапсыздығынан үш жылға созылды,- дейді  кооператив төрайымы.

Жаңыл Бекбаева, «Еламан» ПИК төрайымы:

Олар айтты, екі жыл гарантиямыз бар, деп. Ал енді гарантийный срок кеше декабрьдің 23-інде бітіп кетті. Оған дейін біздер бірнеше рет соттастық. Сот СПК-ның пользасына шешіп берді, бірақ результат жоқ. Енді халық наразы: «Біздер модернизацияға ақшамызды төлеп жатырмыз. Мынадай себеппен енді біздің төбемізді кім жасайды?» деген мәселе көтеріліп жатыр. 

Табиғаттың тосын мінезінен  тағы 6 нысан шатырсыз қалды. Жарық өшіп, ағаштар құлап, 5 автокөлік көлік зардап шекті. Қазір арнайы комиссия шығынды есептеуге кіріскен.

Замир Бердашев, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

Жағдайды зерттеп, зардап шеккен алаңдар есептелуде. Бұл төтенше жағдай емес. Төтенше жағдай желдің жылдамдығы 25 метр/секундтан асқан кезде ғана жарияланады. Егер комиссия кінәліні тапса, соған сай ғимарат шатырын қалпына келтіруге  шешім қабылдайды.

Дүлей дауылдан Батыс Қазақстанда облысында да екі мектептің шатыры ұшып кетті. Қатты жел ел аумағындағы бірнеше аймақты шарлап өтеді деген болжам бар. Солтүстік пен батыс облыстарда желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін көтеріледі деген ескерту таратылған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ