Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында тас жолдарға су жайылған

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2017
  • 3521

Қарағанды облысында ауа райы күрт жылынып, Қарқаралы, Шет аудандарында жолдарды су шайып кеткен. Көліктер айналма жолдар арқылы қатынай бастады. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, "Павлодар - Қызылорда" бағытындағы күре жолдың "Көктенкөл-Ағадыр" бөлігін де су басқан. Бұл негізінен еріген қар суы. Аумағы 200 текше метрдей болады. Тасқынның жолын бөгеу үшін жан-жағына бөгеттер тұрғызылмақ.

Андрей Ляпунов,  Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Су ағатын құбырлар тазартылған. Бірақ тым қатты тасқынға шыдас бермеуі мүмкін. Қандай да бір елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. Ал, су шайған жолдардың маңында айналма жол бар. Ағадыр мен Шет арқылы жүруге болады. Яғни жол қатынасы тоқтамайды.

Төтенше жағдай қызметі өкілдерінің хабарлауынша, Қарқаралы ауданының Нүркен ауылында 3 аулаға су кірген. Шет ауданына қарасты Ағадыр станциясында бірнеше аула мен бір үйді су шайып кетті. Мамандар сәуірдің 6-сы мен 9-ы аралығында тасқын қаупі күшеюі мүмкін деп болжайды. Өйткені осы күндері ауа райы күрт жылынуы ықтимал. Еріген қар суы аймақтағы 5 ауданның 170-тен астам ауылына қауіп төндіреді. Биыл өңірге түскен қардың көлемі қалыпты деңгейден едәуір жоғары. Самарқанд пен Шерубай-Нұра тоғандары 70-75 пайызға дейін толған. Су қоймаларда суды біртіндеп ағызу және мұзды жару жұмыстары жүріп жатыр.

Айжан ҚУАШ