Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік салықтан түсетін қаржы жергілікті бюджеттің 12% құрайды, ол 530 млрд теңге

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2017
  • 2548

Әлеуметтік салық жергілікті бюджеттік кірістердің 12 пайызын құрайды. Жыл сайын одан 530 млрд теңге қазынаға түседі. Егер бұл салық екі есеге қысқарса, облыстар біраз қаржыдан қағылуы мүмкін. Бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша өткен жиында депутат Аманжан Жамалов осылай деді. Дүйсенбі күні ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік салық екі есеге қысқаруы мүмкін деген еді.

Бүгін мәжілісте есеп берген министрлік өкілі ортайған қазына қалай толатыны туралы сауалға жауап қатқан жоқ. Былтырдан бері, бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың нысаналы индикаторлары белгіленген. Бірақ сол 47 индикатордың 18-і орындалмаған. Ол үшін бюджет әкімшісі немесе орындаушы тәртіптік жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бір де бір министр немесе әкімдер жазаланған жоқ, деген депутаттар алдағы уақытта қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет дегенді ұсынды.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Әлі күнге дейін министрліктің басшысы әкім бұл қаржыны тиімді пайдаланбағаны үшін немесе уақытылы пайдаланбағаны үшін жауапқа тартылған жоқ. Бізде тек айтамыз, суреттейміз, көрсетеміз. Миллиардтаған қаражаттың игерілмей жатқанын трибунадан мойындайды.

Өксікбаевтың айтуынша, бюджетті жоспарлауда нақтылық жоқ. 2017-19 жылдарға бекітілген бюджет жобасына үш ай өтпей жатып, Үкімет қайта көлемді өзгерістер енгізген. Сондықтан депутаттар үш жылдық жоспарлаудан бір жылдыққа ауысу мәселесін қайта көтерді. Ұлттық экономика министрлігі мұның мүмкін еместігін айтады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Әлеуметтік экономикалық даму болжамы 5 жылға құрылады. Ол бизнеске, инвесторларға болашақты болжауға бағыт-бағдар береді. Сондықтан орта мерзімді жоспарлауды  сақтап қалу керек. Әрі қарай үш жылдық бюджет сәйкесінше осы болжаммен байланысты. Жыл сайын әлемдік нарықтағы жағдайға  байланысты өзгеріс енгізіп тұрамыз.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ