1 күн Президенттің жеке мобилографы болуға мүмкіндігіңіз бар. Шығармашыл, әрі креативті жастар үшін осындай байқау жарияланды. Конкурсты Президенттің Баспасөз қызметі мен Kyran Films компаниясы ұйымдастыруда. Шарттары қандай, кімдер қатыса алады? Тілшіміз тарқатады.
Байқауға әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға болады. Бастысы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялауыңыз керек. Ең креативті деп танылғандар бағалы сыйлықтарға ие болады. Ал жеңімпаздың 1 күн Президенттің жеке мобилографы болуға мүмкіндігі бар.
Қыран ТАЛАПБЕК, БАЙҚАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Әрине бізде шетелдің те қатысушыларды байқауға болады. Мысалы Бакуде тұрып жатқан қазақтар, не болмаса басқа елде тұрып жатқан адамдар осы "көшпенділер ойыны туралы не білесіз?" деп көшеде адамдардан интервью алған видеоларды байқап жатырмыз. Олардың басы 100 мың, 200 мың, тіпті 400 мың қаралымға дейін жететіні бар. Кез келген әлеуметтік желіге nomadgamesfest мына хэштегпен өзіңіздің бейнеролигіңізді жарияласаңыз жеткілікті.
Бекболат Жұмабаев - байқауға қатысушы. Жеңімпаз атансам деген үмітпен 1 жарым минуттық бейнежазба әзірлепті.
Бекболат ЖҰМАБАЕВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
Менің қазір түсіріп жатқан видео-ролигімде кішкентай кезінен асық ойнап, атқа мініп, чемпион болған қазақтың кішкентай қара домалақ баласын көрсеткім келді.
Байқауға 500-ден астам адамның жұмысы түскен. Ұйымдастырушылар осы арқылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ауқымын кеңейтіп, шараның салмағын арттыруды, сондай-ақ талантты жастарды қолдауды мақсат етіп отырмыз дейді.
Берік УӘЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ - ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бабадан қалған мол мұраны, бүгінге жеткен асыл қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас ету бүгінгі ұрпақтың борышы. Мақсат тамыры тереңнен тартатын спорттық ойындарды халық арасында кеңінен насихаттау, Көшпенділер ойындарының мәні мен маңызын арттыру, дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысу.
Қатысушылар бейнероликті 7 қыркүйекке дейін жібере алады. Ал байқау жеңімпазы 9 қыркүйекте анықталмақ.