Ақшасын берсең, жүргізуші куәлігі қолыңда. Қымбат көлікке мініп, талдаңдап жүргендердің көбі сатып алғандар. Автомектепте оқыды деген сертификат та саудаланады. Қайғылы оқиғаның көбеюінің себебі осында.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Жүргізуші куәлігін алу үшін Астананың өзінде күніне 70 шақты адам теориялық және практикалық тест тапсырады. Соның 60 пайызы сынақтан сүрінеді. Негізі үміткерге үш мүмкіндік беріледі. Барлығын бірдей пайдалануға батылы жетпейтіндер бар. Алғашқысынан аңдамай қалғанына қарамастан екіншісіне дайындыққы пысықтап емес, пысықайлардың көмегін іздеп кетететіндер аз емес.
Сататындарды іздеп сандалмайсың. Желіні ашсаң жарнамасы жер жарады. Бірақ бәрі бірдей жеңілдің астын іздейді деуден аулақпыз. Өз білімдеріне сеніп, сынақтан сүрінбей өтетіндер бар. Соның бірі - Серік Жамбыл. Кандидат куәлік алу үшін 1 жылға жуық өзі жаттыққан. Даярлық курсының сертификатын алу үшін ғана автомектепке барыпты.
СЕРІК ЖАМБЫЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Автомектеп практикалық сынаққа мүлдем дайындамады. Бірде көлік бұзылды деді. Енді бірде жөндей алмай жатқанын айтты. Оларды күтпей бірден тестілеуге келуді жөн көрдім. Практикалық сынақтан бір рет сүріндім. Қайта тапсырып, ақыры дітттеген мақсатыма жеттім.
Сергей Барановский 15 жылдан бері адамдарға жол ережелерін үйретумен айналысады. Ол кемінде 2 жарым ай үміткерге әрбір белгінің не үшін кажет екенін үйрету керек дейді. Себебі жолда жүру ережелері адам өмірінің кепілі.
СЕРГЕЙ БАРАНОВСКИЙ, "ASTANA" АВТОМЕКТЕБІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Жеделдетілген процесс талапқа сай емес. Адамға тестілеуде келетін сұрақтарды жаттатуға болады. Бірақ ол жол белгілерінің мәнін түсінбейді ғой. Бірақ бұған көпшілік мән бермейді. Тіпті сертификатты сатып жатқандар да бар.
Иә, көпшілік жол ережелерін жаттап жүргісі келмейді. Бірден сертификатты сатып алғанды құп көреді. Осындай олқылық қайғылы оқиғаны жиелетіп жіберді.
АРАЙ ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНПЕКТОРЫ:
Барлық автомектептер бір жүйеде болады. Сол жүйеге тіркеледі. Сол жерден біздер олардың қандай автомектеп екенін, оқытушысы кім, қандай көлік құралдары тіркелген, қанша кондидат тіркелгенін қарап отыруға мүмкіндігіміз болады.
Қазір бұл жобаның автоматтандыру жұмыс жүріп жатыр. Жауаптылар бұл жүйе арқылы сертификатты сату фактілерін азайтамыз дейді. Ал автомектептердің оқыту сапасы бақылауда болады.