Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік қызметкерлердің мәселесін талқылады

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2017
  • 2819

Өткен жылы алты мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің мансабы өскен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда төрт есеге көп. Алайда кадр мәселесі мен жұмысқа байланысты шешілмеген мәселе жетіп артылады. Бүгін "Нұр Отан" партиясында  мемлекеттік қызметті реформалау мәселелері жөнінде партиялық тыңдау өтті.

Қазақстанда әкімшілік реформалар 2006 жылдан бастау алған. Нәтижесінде еліміз посткеңестік кеңістікте бірінші болып «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылдады. Ал меритократия енгізілгеннен кейін оң өзгерістер байқалған, деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Биылғы жылы мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан Конституциясына тарихи түзетулер енгізілді. Олар мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінің негізін қалады. Атқарушы биліктің өкілеттілігі айтарлықтай ұлғайды. Барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің қабылдайтын шешімдеріне қатысты жауапкершілігі күшейді. Сондықтан да сапалы жаңа аппаратты қалыптастыру жөніндегі президенттің қойған міндеттері бүгінгі күні бұрыңғыдан да зор маңызға ие болды. Қазақстанға заң әліппесін қатаң сақтайтын кәсіби және жауапты мемлекеттік қызметкерлер керек.

Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі басшысының сөзінше, мемлекеттік қызметке қатысты әлі де шешуін таппаған мәселе көп. Солардың бірі - ауыл аймақтарда кадрлардың аздығы. Мысалы, өңірлерде 5 мың вакансияға үш жарым мың адам ғана өтініш берген. Жиында командалық ауысу мәселесі де сөз болды.

Қайрат Қожамжаров, мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігінің төрағасы:

Егер бірінші басшының тарапынан қандай да бір заң бұзушылық болса, агенттік міндетті түрде шара қолданады. Мысалы, былтыр 2015 жылмен салыстырғанда командалық ауысу 18 есеге кеміген. 

Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты күшейту керек. Белсенді азаматтар мен зиялы қауымның пікірі де ескерілу керек, деді депутат.   


Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біздің мемлекеттік қызметтегілер өздері ғана отырып алып шешім шығара бермей, халықпен ақылдасу керек. Бір шешімді қабылдағаннан кейін емес, қабылдамай тұрып, ақылдасу керек.

Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе - ротация. Облыстарда жұмыс істеп жүргендер орталыққа, орталықтағылар аймақтарға барып тәжірибе алмасуы қажет. Сонымен қатар әр мемлекеттік қызметкердің мақсаты - халыққа қызмет етіп, антына адал болу, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.