Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынынан зардап шеккен 7 мыңнан астам отбасына жаңа баспана берілді

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы аяқталды.Тұрғындар түгел жаңа қонысқа көшті.Өңірде 153 үй мерзімінен бұрын салынып, қолданысқа берілген. Жалпы ел бойынша су тасқынынан зардап шеккен 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. 

Алтынсары кентінің тұрғыны Бөпе Естаевтың қуанышында шек жоқ. Су тасқыны кезінде оның үйін су басып, баспанасыз қалған еді. Ауыл тұрғыны жергілікті биліктің ұсынысын жөн көріп, жаңа қоныстың құрылысын күткенін айтады.

БӨПЕ ЕСТАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрынғы үй жетпіс екінші жылғы.Қамыс ескі үй. Енді мұндай үйге көңіл толмаса қандай үйге көңіл толады. Ризамыз.

Ауылдың 21 отбасына осындай жаңа баспана бұйырды. Тағы 73 адамға қаладан пәтер берілді.

БЕРІК ТАҢЖАРЫҚОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қостанай ауданы бойынша 292 үй су тасқынынан зардап шекті. Оның 94 үй тұруға жарамсыз болып анықталды.160 үйге жуық ремонттан өтіп жатыр. Оның алпысы мемлекеттік бағдарлама арқылы. Мемлекеттік мердігерлер арқылы ремонттары бітті. Және де тұрғындардың көбісі өздері ремонт жасаймыз деген жасап жатыр.

Қостанай іргесіндегі Қонай шағын ауданында бой көтерген 14 жаңа үй қолданысқа берілді. Жаңа қоныстың коммуникациясы сақадай –сай, аумағы -80 шаршы метр. Оған қоса, жер учаскесі де берілді. Облыстың оңтүстігіндегі шалғай ауыл тұрғындары да шаттықа кенеліп,қоныс тойын тойлады.Жангелді ауданы Көлқамыс елдімекенінде 19 үйдің кілті табысталды.

АЛПЫС ӘЛІМБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Өзі мынадай қиыншылық заманда қалай күн көріп, үйлерді қалай салып аламыз деген қорқыныш болды.Дегенмен президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мына халыққа қорықпаңыздар деп, қор атынан ақша бөлдіріп, осылай үй салып беріп жатыр.Мал-мүліктің өтемін төлеп жатыр.Бізге де жақсы. Сапалы.

Су тасқынынан зардап шеккен 7 393 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 5 313 нысан сатып алынса, 2 080 үй жаңадан салынды.

Ел тұрғындарынан үйін жөндеуге және қалпына келтіруге 9 147 өтініш түскен. Оларға 53,5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 34 247 отбасына 12 миллиард 627,7 млн теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға тағы 9 миллиард 994 млн теңге берілді. 150 АЕК бұл қосымша төлемді 21 880 отбасы алды.