Русский Сайттың толық нұсқасы

Бану Нұрғазиева: «АЭС-қа қатысты халыққа нақты ақпарат жетпейді»

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2024
  • 297

«АЭС-қа қатысты халыққа нақты ақпарат жетпейді». Бұл туралы Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысында айтты.

«Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым – Қазақстан Азаматтық Альянсы барлық өңірде және үш ірі қалада көпшілікпен жария талқылау өткізді. Талқылау барысында анықталған мәселелерге талдау жасадық. Оның ішінде халық ең алдымен қауіпсіздік, қалдық, кадр мәселелерін алға тартты. Біз осы мәселелерге қатысты халыққа нақты ақпарат жетпейтінін білдік. АЭС туралы барлық ақпаратты жұртшылыққа қарапайым тілмен, нақты жеткізу керек», - деді ол.

Сондай-ақ, Альянс басшысы бүгінде ең дамыған мемлекеттер атом электр стансаларының игілігін көріп отырғанын алға тартты.

«АҚШ-та 94-96 АЭС бар. Оларда 20% осы АЭС қуатын пайдаланып жатыр. Францияның өзінде 56 атом реакторы тұр. Олар энергияның 70%-ын АЭС-нан алып отыр. 150 атом реакторын қоюды көздеп отырған Қытай мемлекетінде қазірдің өзінде 56-сы жұмыс істеп тұр, 26-сы салынып жатыр. Ал біз уран көзі жөнінен Австралиядан кейінгі екінші орында тұрмыз. Өзімізде шикізат қоры мол, бірақ АЭС жоқ. Осының барлығын халыққа қарапайым тілмен жеткізуіміз керек», - деді Б.Нұрғазиева.

Айта кетейік, кеше Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді. Халықтық штабқа қатысушы ұйымдардың мүшелері 2 миллионнан астам қазақстандықты құрайды.