Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2024
  • 270

Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовке V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға арнайы келгені үшін ризашылығын білдірді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуде Халк Маслахаты төрағасының Астанаға сапары аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір қазақ-түрікмен қарым-қатынасы өте табысты дамуда және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сәйкес келеді.

Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, ауқымды спорттық іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Халк Маслахаты төрағасы еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға ықпал ететін ірі халықаралық жиындарды ұйымдастырудағы Астананың рөлін жоғары бағалады.

Әңгімелесу барысында сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына көңілдері толатынын жеткізді.

Кездесуде достық әрі тату көршілік рухында жан-жақты дамып келе жатқан мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтудың маңызына мән берілді.

Тараптар Қазақстан Президентінің биыл қазан айында Түрікменстанға жоспарланып отырған сапарының дайындық барысын талқылады.