Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақылбек Күрішбаев: «Қазақстанның отандық атомдық физика саласындағы ғылыми потенциалы өте жоғары деңгейде»

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2024
  • 328

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысы өтті. Оған 6 саяси партия, 20 республикалық қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Жиында сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС құрылысына қатысты қоғам өкілдерін қауіпсіздік мәселесі алаңдататынына назар аудартты. Әлемде 1957 жылдан бастап 415 атом реакторы салынғанын, ал 67 жылдың ішінде олардың бір де біреуінде штаттан тыс төтенше жағдай болмағанын атап өткен ол мұндағы жұмыстардың барлығын МАГАТЭ атты өте беделді ұйым қадағалайтынын жеткізді. Ол - тікелей Біріккен Ұлттар Ұйымына бағынатын халықаралық ұйым. Оның айтуынша әлемдегі 415 реактордың 200-і бізге ұсынылып отырған «су-су» үлгісіндегі энергетикалық реакторлар. Сондай-ақ ол Қазақстан көптеген халықаралық конкурстарға қатысып, шетелдік ғалымдармен тізе қосып бірге жұмыс істеп жүргенін атап өтті.

«Қазақстанда өте құнды, өте бірегей ғылыми-практикалық база бар екендігін атай кету керек. Олардың біреуі - Курчатов қаласында, екіншісі Алматыда, Ядролық физика институтының базасында орналасқан. Ондай база әлемде дамыған елдерде де жоқ, тіпті көп елдердің біз сияқты ғылыми-техникалық базалары жоқ. Сол базада АҚШ-тан бастап, еуропа мемлекеттері сияқты дамыған елдердің ғалымдары бірге жұмыс істеп жатыр. Біздің физик-ғалымдарымыз сол шетелдің ғалымдарымен терезесі тең әріптес. Осыдан-ақ біздің ғылымның қандай деңгейге көтерілгенін біле беріңіздер. Осылайша, біз дамыған елдерден үйреніп жатырмыз. Бұл - ақиқат!», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Өз сөзінде ол көрші мемлекеттерді мысалға келтіріп, үлгі алуға шақырды. Қытай Халық Республикасында бұған дейін 56 АЭС бар болса, оған қосымша жаңадан 25 атом электр станциясы салынып жатыр. Ресейде 36 АЭС салынған. Ал Өзбекстандағы бауырларымыз таяуда шешім қабылдап, өздерінде атом электр станциясын салатын болды.