Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда сұйылтылған газ тағы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2017
  • 3367

Батыс Қазақстан облысында сұйылтылған газ тағы қымбаттады. Бұл жолы кейбір жеткізушілер ғана бағаны өсірген. Олар мұның өңірде газдың жетпей жатқандығымен байланыстырып отыр. Мән-жайын тілшіміз Еркін Карин білді.

Еркін Карин, тілші:

Қазір Батыс Қазақстан облысындағы көлік саны 200 мыңға жуықтады. Олардың 6 600-ден астамы газбен жүреді. Бірақ бұл тек әкімшілік полицияда тіркелгені ғана. Өйткені көлігіне газ орнатқандардың көбісі құжатын рәсімдеуге асығар емес.

Сондықтан өзі аз газға ортақтасқандар көбейген. Қазір облысқа бір айға өлшеніп берілер 2 300 тонна лимит кейде жетпей қалады. Газдан тарықпаудың амалын іздеген кейбір жеткізушілер үнемдеудің жаңа тәсілін ойлап тауыпты. Олар газды бәріне жеткізу үшін көгілдір отын құнын 3 теңгеге өсірген. Яғни осыған дейін 63 теңгеден сатылып келген газ бағасы 66 теңгеге жетті. Ал облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жағдайды былай деп түсіндірді.

Қансұлу Өтепқалиева, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Газ іркіліссіз сатылуы үшін жеткізуші компания отын бағасын өсіріп, бөлшек сауданың көлемін шектеді. Өйткені қаладағы мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік дәл осы жеткізушімен келісімшартқа отырған екен. Сондықтан осы мекемелермен арадағы келісімшарт міндеттемелерін орындауы үшін осындай қадамға барып отыр.

Баға өсімін бақылауда ұстайтын Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті де бейтарап көзқарас танытты. Еліміздің энергетика министрлігінің жаңа жылдағы бұйрығынан кейін бұл құзырлы мекеменің де қол-аяғы тұсалған. Енді олар тек жеке азаматтардан түскен шағымды ғана қарастырады. Ал бағаны мемлекеттік реттеу ісіне араласа алмайды.

Мұрат Оспанов, БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастығы:

Бұған дейін бағаның құбылуын міндетті түрде тексеретін едік. Қазір бізден бұл құзірет алынып тасталды. Сондықтан енді жеткізушілердің ісіне араласа алмаймыз. Сондықтан бұл туралы ештеңе айта алмаймын.

Еркін Карин, тілші:

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралда газ бағасы қаңтар айында 10 теңгеге қымбаттаған еді. Газбен бірге бензин мен дизель құны да өсті. Дегенмен, жауапты мекеме өкілдері жуық арада газдың қымбаттамайтынын айтады. Әзірге газ жеткізушілерден бағаны өсіру туралы ұсыныс түспеген.

Еркін КАРИН