Русский Сайттың толық нұсқасы

"Көшпенділер ойындары дала өркениетін жер-жаһанға паш етеді", - Президент

Ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі доданы Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы осылай деді. Он жылдық тарихы бар ойындарды отандық арналардан бөлек, 19 шетелдік телеарна тікелей эфирде көрсетті. 

Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталды. Содан соң 3 мыңға жуық өнерпаз қатысқан таңғажайып шоуға ұласты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Бұл ойындар дала өркениетін жер-жаһанға паш етеді. Көшпенділер өркениеті - дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Көшпенділер тумасынан қайсар халық. Көшпенділердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды.

Биылғы жарыс бұрынғылардан өзгерек. 10 жылдық тарихы бар бәсекеге алғаш рет барлық құрлықтан елдер қатысуда. Венесуэла, Ирландия, Гамбия сияқты мемлекеттер дүбірлі додада алғаш рет бақ сынамақ. Сондай-ақ, биыл қатысушы елдер саны да бұрынғыдан көп. Мысалы, 2014 жылы Қырғызстанда 19 мемлекет қатысса, 2 жыл бұрын Түркияда - 82. Биыл - 89 мемлекет 21 спорт түрінен 97 медальді сарапқа салады.

БІЛӘЛ ЕРДОҒАН, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭТНОСПОРТ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ретінде дәстүрлі спорт түрлерін бүкіл әлемге таратуға бағытталған жаңашыл күш-жігердің бір бөлігіміз. Бес құрлықта, 22 елде 32 мүшесі бар бұл спорт түрлері тек сайысты ғана білдірмейді. Олар сонымен қатар, біздің мәдени байлығымыздың, достығымыздың және ынтымақтастығымыздың белгісі.

Сарыарқаның сайын даласы алдағы бір жұма бойы дүбірге толады. Осы аралықта күллі әлем жұрты көшпенділердің болмысына куә болады.