Русский Сайттың толық нұсқасы

Көшпенділер ойындарында көк бөріден Қазақстан құрамасы АҚШ құрамасын ойсырата жеңді

Ал көк бөріден Қазақстан құрамасы АҚШ құрамасын 18:0 есебімен ойсырата жеңді. “Қазанат” ипподромына барған әріптесІм Мөлдір Жақанның репортажы. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Құрметті көрермен, біз дәл қазір “Қазанат” атшабарындамыз. Көк бөрі ұлттық ойынын тамашалауға келдік. Спортшыларымыз сақадай сай! Міне, ақырындап ойын алаңына шығып жатыр.

Мұндағы атмосфераны, шыны керек, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Көрермендерді біраз қызық күтіп тұрғаны анық!

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көз алдарыңызда Қазақстан мен АҚШ шабандоздары ойнап жатыр. Иә, сіздер дұрыс естідіңіздер! Бүгін, тіпті, американдықтардың өзі мұхит асып, ұлттық ойындарымызды насихаттауға атсалысып жатыр. Биыл алғаш рет барлық құрлықтардан елдер қатысуда. 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ерекшелігі де - осы.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көк бөрі десе, делебесі қозатын жанкүйерлерсіз бұл ойынды елестету мүмкін емес. Көрермендер спортшыларымызға барынша қолдау көрсетуде.

АЙДАНА НЫҒМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстанның осындай дәрежеде өзінің спорт түрлерін осылай дамытып, көрсетіп жатқандары үлкен жетістік деп ойлаймын. Осылай Қазақстанның рухын көтеретін, әрқашан биікке самғата беретін ойындар, рухты жастарымыз көп болсын деп ойлаймын.


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Шабандоздарымыз серкені қарсыластардың қазандығына бірінен соң бірі салып, намысты қолдан бермеуге тырысты! Сөйтіп 18:0 есебімен жеңіске жетті. Аға, құтты болсын! Ойын қалай өтті? Қиын болды ма?

АСҚАР ОҢҒАРБАЕВ, КОМАНДА КАПИТАНЫ:

Балалар қалай тактика қойылды, сол тактикамен ойнап шықты. Америкалық қарсыластар енді қазандыққа көп үйренбегендіктен кішкене артта қалып қойды. Қазандыққа 7-8 жыл болды шаппағанымызға, аттарымызды енді үйретіп, жаттығып, балалар өз ойынын ойнап шықты.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Барша түркі елдерінің мәдениетін, болмысын көрсететін керемет ойынның куәгері болдық. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 14-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Келіңіздер, көріңіздер, еліміз үшін маңызды, тарихи іс-шарадан тысқары қалмаңыздар!