Русский Сайттың толық нұсқасы

Тоғызқұмалақ тақтасы ғарышқа ұшты

Тоғызқұмалақшылар тартысы бүгін таңғы тоғыздан тоғыз минут, тоғыз секунд кеткенде басталды. Тоғызыншы қыркүйекке тұспа-тұс келуінің сыры бар. Дәл осы дата тоғызқұмалақ күні деп белгіленген. Тіпті зияткерлік ойынның тақтасы ғарышқа ұшырылып, 35 мың шақырым әуе кеңестігіне барды.

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тоғызқұмалақ күніне орай бір мезетте 40 мемлекеттен келген 100-ден аса спортшы ойынды бастап кетті. Сайыс екі күнге жалғасады. Онан соң түріктің мангала және батыс Африка елінің овари зияткерлік ойындары өтетін болады.

Бұл спортшылардан бөлек әлемнің түкпір-түкпірінен 170 мыңнан астам адам тоғызқұмалақты онлайн ойнауға тіркелген. Атаулы күнде 14 жастан асқан азаматтар интеллектуалды ойынды блиц түрі бойынша ойнап әлеуметтік желіге арнайы хештег арқылы жүктеу қажет. Федерация бұл ойын түрінен рекорд орнатуды көздеп отыр.

ӘЛИХАН БӘЙМЕН, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖӘНЕ ҚР ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тоғызқұмалақты дамыту біздің қазақтың баласы ретінде перзенттік парызымыз деп қабылдаймын. Бұл жарыс сөзсіз жалпыұлттық спорттардың дамуына үлкен серпін береді.

Қазір тоғызқұмалақ ұлттық ойынына тек қазақтың ғана емес өзге елдің де назары ауған. Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай сынды елдерден келген қатысушылар Астанаға ат басын тіреді.

СЕФ БОНТИ-АСАМОА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Тоғызқұмалақ – зияткерлік ойын, сондықтан оны балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау қажет. Бұл мәдениет келесі ұрпаққа берілуі керек. Бұл ойынды өз елімізде жаттықтырып, мектеп оқушыларын ойнауға үйретеміз, апта сайын турнирлер өткіземіз.

Колумбиялық Оскар Фахардо өз елінде тоғызқұмалақ ойынына қор ашып, насихаттап жүр.

ОСКАР ФАХАРДО, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Мен тоғызқұмалақ ойынымен ең алғаш 2007 жылы таныстым. Сол уақыттан бері бұл ойынды зерттеп келемін. Бір жәрмеңкеде тоғызқұмалақ тақтасын алып, университетте жастарға оқытып жатырмын.

Жарыс 8 ойыннан тұрады. Тоғыз тастың шеберлері жекелей және командалық есепте 3 орынды сарапқа салады.