Русский Сайттың толық нұсқасы

АЭС салу еліміз үшін тиімді - сарапшы

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2024
  • 296

Еліміз Париж келісіміне сәйкес 2060 жылға қарай көмір жағуды тоқтатады. Жаһандық жылынуға қарсы тұру үшін Қазақстан жасыл энергияға көшуі қажет, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал сарапшылардың сөзінше, еліміздегі электр қуатының 70 пайызы әлі де болса, көмірден алынады. Тек 6 пайызын күн мен жел береді. Сол себепті алдағы он жылдың ішінде, бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу, ал көмір үлесін 10 процентке төмендету жоспарланған. Қалған 10 пайызы тұрақты энергия көзінің үлесінде. Мамандардың айтуынша, АЭС елдегі экологиялық ахуалды біртіндеп реттеуге үлес қоспақ.

– Бір келі уранды жағу үшін бөлінетін энергия, 60 тонна мұнайды немесе 100 тонна көмірді жаққандағымен бірдей. Ерекшелігі біздің ел уранды өндіру бойынша бірінші орында тұр. Осы мүмкіндік елдегі экологиялық және экономикалық мәселелерді шешуге септігін тигізеді, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «Халпы физика» кафедрасының меңгерушісі Айдос Лесбаев.

Сарапшылардың сөзінше, елдегі уран қоры мол болғандықтан, АЭС салу Қазақстан үшін тиімді. Мамандар елде атом электр стансасы бой көтерсе, үшінші буын реакторы қызметін бастайтынын айтты. Қауіпсіз әрі жаңа қондырғы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің талаптарына сай болса ғана іске қосылады. Сол себепті ғалымдар сан алуан салаға серпін беретін АЭС-тің сапасы жіті қадағаланатынын айтты.

– АЭС-ті салу арқылы электр энергиясын өндіру, қолдану, таратудағы тазалық, жеңілдік, тіпті экономикалық мәселе шешіледі, – деді жергілікті «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының Наурызбай аудандық филиалының төрағасы Мұрат Сейітасқаров.