Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Темір ауданында қаза тапқан жігіттің туыстары кінәлілердің түгел жазалануын сұрап отыр

Ақтөбенің Темір ауданында қаза тапқан жігіттің ата-анасы әділдік іздеп жүр. Олардың айтуынша, баланы бір емес, бірнеше адам өлтірген болуы мүмкін. Бірақ, күдікті ретінде бір ғана адам қамауға алынған. Марқұмның туыстары кінәлілер түгел жазалансын дейді. 

Қайғылы оқиға 29 тамыз күні болған. Темір ауданы Жамбыл ауылына шөп шабуға барған 22 жастағы Шыңғыс Алтаев қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, сол түнде қостың басында он шақты жігіт төбелескен. Ақырында Шыңғыс зардап шегіп, таңертең ауруханаға жеткізіліпті. Бірақ ауруханаға жеткенде ол тірі болмаған. Бұл жағдай бойынша күдікті ұсталды.

ДИНАРА САКАУОВА, ШЫҢҒЫСТЫҢ АТА-АНАСЫ:

Күдікті мойнына алып тұр. Дегенмен, естуімізше ол жерде бір емес бірнеше адам ұрған баламды. Басынан үлкен зақым алып, ауызынан көбігі атып кеті депті сол жерде. Сол жердегі жұмысшылар қол-аяғынан сүйреп жаман ескі вагончик бар еді соған апарып тастапты. Ол бала таңға дейін сол жерде жатқан.

Марқұмның жақындары қылмыстық істе түсінбеушілік көп екенін айтады. Олар төбелеске қатысқан басқа адамдардың неліктен куәгер болып кеткеніне түсінбей отыр.

ДИНАРА САКАУОВА, ШЫҢҒЫСТЫҢ АТА-АНАСЫ:

Қазір мына тергеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмей отырғанын өз көзіммен көріп тұрмын. Сол күні қостың басында арақ ішілген. Дегенмен күдіктілердің бірде біреуінен свидетельствование алынған жоқ. Осы өлімге қатысты істі тергеудің толық қанды жүргізілуін қадағалауды сұраймын және Аудан орталығынан облыс орталығына аударуды.

Полицейлер қылмыстық іс бойынша әзірге тек бір күдіктінің қамауға алынғанын айтады. Тергеу тексеру амалдары жалғасып жатқан көрінеді.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Темір аудандық полиция бөлімімен адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті адам анықталып, ол қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кетейік, 22 жастағы Шыңғыс жақында ғана Отан алдындағы борышын өтеп келген. Осы қыркүйек айында үйлену тойы болуы тиіс еді...