Алматы облысында төрт түліктен тараған індет тыйылмай тұр. Ұйғыр ауданында «Сібір жарасын жұқтырды» деген күмәнмен 16 адам ауруханаға жедел жеткізілген. Нәтижесінде, 11-інің бойынан кесел табылды, төртеуінің сынамасы таза, ал бір науқастың жағдайы әлі жіті тексеріліп жатыр. 1 қыркүйек күні Үлкен Ақсу ауылының бірнеше тұрғыны сиыр сойған. Ізін ала денелерін жара қаптап, дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Елдімекенде дизинфекция жүргізіліп, науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылды .