Вьетнамда "Яги" тайфунынан қаза тапқандар саны 141 адамға жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вьетнам билігі азаматтарына су тасқыны Қызыл өзеннің жылдам көтерілуіне әкеліп, ел астанасы Ханойдың орталық аудандарының су астында қалу қаупі бар екенін ескертті.
Елдің табиғи апаттарға қарсы күрес агенттігі "Яги" тайфуны әкелген нөсер жаңбыр Вьетнамның солтүстігінде көшкін мен су тасқынына себеп болып, салдарынан 141 адамның қаза тауып, тағы 59 адамның із-түссіз жоғалғанын мәлімдеді.
Вьетнамның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Ханойдағы Қызыл өзен суының деңгейі сағат сайын 10 сантиметрге көтеріліп жатқанын хабарлады. Қаладағы жағдайға байланысты мектептерде сабақтар тоқтатылған, сондай-ақ өзенге жақын жерде тұратын мыңдаған тұрғын эвакуацияланғаны хабарланды.
Еске салсақ, бұған дейін Вьетнамның солтүстік-шығыс жағалауында “Яги" тайфуны соғып, 24 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Табиғи апат биылғы жылы Азиядағы ең қуатты дауыл деп танылды.