Шымкентте патрульдік полиция полкі қызметкері мінген қызметтік көліктің қатысуымен жол апаты болды. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада жол сақшысы мінген көліктің алдыңғы бөлігі опырылып қалған. Ол Hyundai маркалы автомашинамен соқтығысқан. Салдарынан төрт адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Полиция баспасөз қызметінің ақпаратынша, оқиға жол сақшысының лауазымдық міндеттерін атқару кезінде болған. Оқиға салдарынан жеңіл автокөлікте болған үш жолаушы зардап шеккен, алайда олар дәрігердің қарауынан кейін үйіне жіберілген. Ал 19 жастағы жүргізуші ауруханада бірнеше күн ем алған. Қазір полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.