Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде уранның 1 миллион тоннадан астам қоры бар

Елімізде уранның 1 миллион тоннадан астам қоры бар. Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша екінші орында тұр. Тілшіміз Айзада Төребекқызы кенішке барып, өнімнің қалай өндірілетінін көрді. 

Созақ ауданының дәл осы бөлігінде 1500 дей ұңғыма бар. Геотехнологиялық полигонда уран тікелей өндіріледі. Жер асты шаймалау әдісі пайдаланылады. Мамандар мұның қоршаған ортаға зиян келтірмейтін ең тиімді әдіс екенін айтады.

НҰРЖАН ҚАЛДЫБЕКОВ, «ҚАРАТАУ» КЕНІШІ ГЕОТЕХНОЛОГИЯ АЛАҢЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл әдіс –ең тиімді әдіс негізінде, экологиялық жағынан қарағанда және өнімділік жағынан қарағанда ... Негізі біз жер бетінен шығармаймыз. Біз ұңғымалар арқылы оны жер астында ерітіп, дайын өнімді еріткішке дайындап, оны біз сору үңғымасы арқылы жер бетінен көтеріп, арнайы ерітінді қабылдау және тарату қондырғысына жеткіземіз.

«Қаратау» кенішінің өндірістік қуаттылығы – 3200 тонна. 2024 жылға арналған өндіріс жоспары – 2880 тонна,- дейді мамандар. Жер астынан алынған сұйықтық бірнеше сатыда химиялық өңдеуден өтеді.

Еліміз бойынша уран өндіру көлемі едәуір артқан. Былтыр 21 112 тонна уран өндірілсе, биылғы жоспар - 22 500 тонна. Созақтан шыққан табиғи шикізат Шығыс Қазақстанға жеткізілуде. Алдағы уақытта оны дайын өнімге айналдыру жоспарда бар.

ҚУАНЫШ ОМАРБЕКОВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің соңғы өніміміз ол уран тотығы болып саналады. Одан кейінгі конверсия байыту процесстері бізде бүгінгі күнде Қазақстанда жоқ. Бірақ дегенмен де біз бұл процестерді мемлекетімізде жасауға ынтамыз, ниетіміз бар. Бұл бойынша бұл бағытта да үлкен жұмыстар жасалып жатыр.

Әзірге елімізде өндірілген табиғи уран өзге елдерге экспортталуда. Мамандардың мәліметінше, ядролық отынның 40-45% -і Азияға кетсе, қалғаны Европа мен Америка асады.