Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкпарда жеңімпаз "алтын салымда" анықталды

Көшпенділер ойындарынының көркін көкпаршылар қыздырды. Ақтық сында жарыс қожайыны мен Қырғыстан командасы шеберлік байқасты. Тартысты бәсеке "алтын салымға" дейін созылды. 

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Көшпенділер ойындарында дүйім жұрт асыға күткен ең тартысты бәсеке көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары финалда. Көпшіліктің айғай-шуынан құлақ тынады. Жан-жақтан ұлттық құрамаға қолдау білдіруде. АЛҒА ҚАЗАҚСТАН!

Алғашқы айналымда қонақтар салымды көбірек салды. Қырғыздардың қанжығасы үш рет майланса, алаң қожайындары тек бір салыммен жауап қайтарды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

-  Мен Франциядан келдім, есімім Антуан болады. Көшпенділер ойындарына куә болу үшін ұшақпен арнайы жеттік. Көкпар нағыз ерлердің тартысы екеніне куә болып жатырмын.
-  Есімім Мухаммад, Пәкістандықпын. Маған бәрі ұнап жатыр. Дәл қазір "Алға, Қазақстан!" дегім келеді.
 - Біз Қырғызстаннан келдік. Қазақ жігіттері көкпар спортының шеберлері, ал біздің жігіттер көк бөрі ойынын жетік меңгерген. Бәріне сәттілік тілеймін, мықтылар ғана жеңеді.

Екінші айналымда жерлестеріміз жігерлене түсті. Жанкүйерлердің қиқуы қанат бітіріп, таразы басын теңестерді. Негізгі уақытта қарсыластар 4:4 есебімен тарқасты. Жеңімпазды анықтайтын "алтын салымда" қазақстандықтардың жолы болды.

АҚЫЛБАЙ МАНКЕЕВ, КӨКПАРДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Осы жерде көргендердің бәрі куә болды ғой қалай болғанын. Соңғы секундтарға дейін өте тартысты өтті. Екі команда бір-біріне сай, қатты дайындықпен келген. Осы ойынды күткенбіз негізі, басқаша еш ойынды күтпедік.

Жалпы 9 мемлекеттің командалары бақ сынады. Жартылай финалда жолы болмаған ресейліктер үшінші орын үшін таласта Түркиядан басым түсті. Ақтық сында жеңілген қырғызстандықтар екінші орынға жайғасты. Ал қарсылас шақ келтірмеген жарыс қожайындары алтын медаль мен 10 миллион теңге еншіледі.