Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ Сирияға әскери шабуыл жасады

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2017
  • 2888

АҚШ Сирияға әскери шабуыл жасады. Пәрменді Конгресстің мақұлдауынсыз, президент Дональд Трамп берген. Бүгін түнде Сирияның «Шайрат» әуе базасына 59 зымыран соққы жасап, діттеген мақсатына 23-і жеткен деген ақпарат бар. Соның өзінде 7 адам қаза тапты. Араларында бейбіт тұрғындар да бар. Сондай-ақ, әуе базадағы 15 ұшақ жарамсыз болды.  Дональд Трамп бұл қадамын "мәжбүрлі" деп мәлімдеді. Әуе соққылары кезінде президент Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинді Ақ үйде қабылдағаны белгілі болды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

АҚШ-тың басты ұстанымы мен қағидасы - химиялық қаруды қолданбау. Сирия барлық резолюциялар мен келісімдерді бұзып, тыйым салынған қаруды қолданғаны айдан анық.

Еске салсақ, кеше Сирияның Идлиб аймағына химиялық шабуыл жасалып, 72 адам мерт болған. АҚШ пен Ұлыбритания бастаған бірқатар мемлекет 72 адамның өмірін қиған химиялық шабуылға Башар Асадтың жақтастары кінәлі деген пікір білдірген. Дүниежүзілік қауымдастықтың пікірі қақ жарылды. Солтүстік Кореяның сансыз сынақтарынан соң Жапония Трапмты жақтаушылар қатарына шықты. Ел премьер-министрі Синдзо Абэ химиялық шабуылға үзілді-кесілді қарсы. Қарсы шыққан екі мемлекет қана: Иран және  Ресей. Владимир Путин АҚШ-тың бұл әрекетін тәуелсіз мемлекетке қарсы агрессия деп бағалады.

Мария Захарова, РФ СІМ ресми өкілі:

Сирияға қарсы агрессия байқалады. Идлибтегі оқиғаны алға тартып, Вашингтон шектен шықты. АҚШ Сирияның химиялық қаруды қолданбағанын түсіне алар емес. Дамаскта ешқандай қару жоқ.

Сирия үкіметі әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, Сирия оппозициясы енді Астана келіссөздеріне қатысуы екіталай. Еске салсақ, елдегі қақтығыс 6 жыл қатарынан жалғасып келеді. Бұл уақыт аралығында БҰҰ-ның деректерінше, 400 мың адам жазым болған. 5 миллионнан астам сириялық өзге елдерге бас сауғалап кеткен.