Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде ірі газ компаниясының басшысы сұйытылған газды заңсыз тасымалдағаны үшін тұтқындалды

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2017
  • 2681

Ақтөбені сұйтылған газбен қамтамасыз етіп келген «Gold steps» ЖШС басшысы Берік Есенов екі айға тұтқындалды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Ол сұйытылған газды шетелге тасымалдады деген күдікке ілінген. Компания басшысын тұтқындау туралы санкция 6 сәуір күні шыққан.

Аталған компания облыста сұйық отынның көтерме саудасымен айналысып келіпті. Тергеу орындары компания басшысының жалған құжаттар арқылы ірі көлемдегі сұйытылған газды кеден бекетінен өткізіп отырғанын анықтаған.

Илиада Досова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі:

«Ақтөбе қалалық номері 2-інші сотына «Голд Степс» ЖШС директоры Есеновке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш хат түсті. Ақтөбе қалалық номері екінші сотының 06 сәуір, 2017 жылғы қаулысымен Есеновке қатысты күзетпен ұастау түріндегі бұлтартпау шарасы 2 ай мерзімге санкцияланды».

Айта кетелік, бұған дейін қылмыстық топтың басқа мүшелері арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Есеновтың өзі тергеу абақтысында 3 маусымға дейін отырады. Естеріңізде салайық, наурыз айының соңғы күндерінде ақтөбеліктер газ тапшылығын сезініп, бекеттерде ұзын-сонар кезектер пайда болған еді. Мәселе үкіметке дейін жетіп, премьер тапшылық себебін анықтауды тапсырған болатын.