Русский Сайттың толық нұсқасы

Шаруалар АШМ-не аудандарда тендердің қалай өтіп жатқанын айтып берді

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2017
  • 2683

Бірақ шаруаларға жанармай 121 теңгемен жетпей жатқаны белгілі болды. Бүгін шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, базыналарын айтты. Олар арзандатылған отынның неліктен қымбаттап жететінін түсінбей дал. Кейбірі тіпті жанармайдың тапшы екенін айтты. Шаруалар шағымын тілшіміз Дәуренбек Бақдәлетұлы тыңдады.

Егін алқабына кірісуге де саусақпен санарлық күн қалды. Жұмысқа кірісуі тиіс шаруалар жанармайдың қымбаттығына шағымданды. Үкімет арзандатылған жанармай отынының 1 литрін биыл 105 теңге етіп бекіткен. Бірақ оларға нарықтағы бағамен жетіп жатқан көрінеді.

Марат Ахмедов, «Агро Синт» ЖШС басшысы:

Бұдан ақша табатындар бар екенін білемін, бірақ бәрі шектен шықпау керек қой. Егер мемлекет бағаны реттеу үшін осынша ақша бөлсе, оны біреу қадағалау керек қой. Бізде Қарағанды облысында бір компания отынды ауданға жекізгенше 120 теңгеден болады деп тендерді ұтып алып еді, оны желкесінен лақтырып жіберді. Енді шешіп отырғандары мынау.

Ал, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер жанармайды жеткізетін операторды таңдау министрліктің құзыретіне кірмейтінін айтты.

Қайрат Айтуғанов, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

АШМ қажетті көлемді жинап, Энергетика министрлігіне тапсырады. Ал, операторларды әкімдік таңдайды. Мен өзім Қарағанды облысында әкім орынбасары болғанмын, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Әкімдікке барып, сол жақта шешу керек. Баға қымбат. Сіздердікі жөн. Операторлармен сөйлесіп, бағаны төмендету керек. Бұл біздің құзырымызға жатпайды.

Министрліктің есебінше, барлық шығынды қосқанда, жанармайдың 1 литрі 121 теңгемен саудалануы керек. Ал, қазір баға тіпті 126 теңгеге дейін жеткен. Шаруалар бұл логистикаға байланысты дейді. Мысалы, Ақмола облысына дизель Атыраудан жеткізіледі екен. Шарулар мұны да реттеуді ұсынды. Бар үмітін осы кездесуге артып келгендердің салы суға кетті.

Валерий Гаевский, «Ақ шанырақ» шаруашылығының басшысы:

Ауыл шарушалығы министрінің орынбасары әр мәселеден басын алып қашып отыр. Неге біздің АШ министрлігіміз бақылаушы болып қана отыр, осыны түсіне алмай отырмын. Бізде онсыз да бидай нашар, көктемгі егістікті айтпағанда. Түсінесіздер ме, мен тіпті биыл ештеңе отырғыза алмай қалам ба деп отырмын.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Сұрақтарына мардымды жауап ала алмаған шаруалар бұдан соң сұрақ қоймады. Айтпақшы, вице-министр шаруаларға егін салуға бөлген арзан жанармай үшін Ауыл шаруашылығы мен Энергетика министрлігіне алғыс айтыңдар деп қалды.