Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда ер адам металл құбырмен әйелді соққыға жыққан

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2024
  • 313

Жанжал жәбірленушінің қылмыскерді балағаттағанынан басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№2 қалалық соттың үкімінде көрсетілгендей, оқиға 1 маусым күні жеке тұрғын үйдің ауласында орын алды. Ер адам масаң күйде үйіне оралған уақытта, аулада оның танысы отырған. Ол да мас күйде еді. Сөзге келіспей қалып, жауапкер мен талапкердің арасында жанжал туындап, ер адам металл құбырды қолына алды.

– Қылмыскер басына, денесіне, қолдары мен аяқтарына металл құбырмен бірнеше рет соққылар жасай бастаған. Соққылар жасалған сәтте жәбірленуші диванда отырып, қолымен басын жаба бастады. Бір кезде диванның бетінен жерге құлап, қақпаға қарай беттеді. Осыдан кейін ер адам тоқтап, құбырды шетке лақтырып, әйелді үйінің ауласынан қуып жіберді, – делінген №2 қалалық соттың үкімінде.

Жәбірленуші үйдің ауласынан шыққаннан кейін бастың ауыруын сезіп, жедел жәрдем қызметіне жүгінді. Әйелге қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Әйел қылмыскерді балағаттап, жанжалдың себепкері болғанын растағанымен, ер адам жауапкершіліктен қашып құтыла алмады. Қалалық №2 соты қылмыскерге 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, жауапкердің есебінен жәбірленушінің еміне кеткен 117 мың 602 теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.