Русский Сайттың толық нұсқасы

Балаларына табысының көбін бергісі келмеген әке Конституциялық Сотқа жүгінді

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2024
  • 88

Табысының 75 пайызын төрт баласына алимент ретінде бергісі келмеген азамат оның көлемін 50 пайызға түсіруді шектейтін Жоғарғы Сот қаулысына қарсы шығып, Конституциялық Сотқа өтініш берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, азаматтан Жоғарғы Соттың алимент төлеуге қатысты қаулысы Конституцияға сәйкес пе, жоқ па дегенді анықтау туралы өтініш жазған. Дәлірек айтсақ, ол «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының 29-тармағының екінші, үшінші және төртінші абзацтарына шағымданған.

Аталмыш нормалар алимент төлеушінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгеруіне байланысты алиментті төмендету талабында мән-жайды объективті өзгеріспен дәлелдей алмаса не төлем мөлшерін азайтуға негіз жоқ деп танылса, болмаса, алимент үлесінің белгіленген бөліну тәртібін бұзса, қабылданбауы мүмкін екен.

«Өтініш берушінің мәлімдеуінше, төрт баласын асырауға алимент төлеуші ретінде табысының 75%-ын береді. Бірінші некедегі бір баласын күтіп-бағуға табысының төрттен бір бөлігі және екінші некеден үш баласын күтіп-бағуға екіден бір бөлігі кетеді. Ол Жоғарғы Соттың алименттерді жалақының 50%-ына немесе басқа да табыс көзіне дейін төмендету мүмкіндігін шектейтін қаулысы конституциялық құқықтарын негізсіз бұзатынын айтып отыр. Өйткені алименттік міндеттемелерді азайтуды негізсіз шектейді деп санайды», - деп жазған Конституциялық сот. 

Өтінішті қарау жөніндегі отырысқа өтініш берушінің өкілі, Бас прокуратураның, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілдері және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.

Конституциялық Сот осы өтінішке қатысты шешімін ресми сайтында жариялайды.